Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятҚоғам

Халқының қаһарман ұлы

Облысқа қарасты Жуалы ауданынан аты алты алашқа белгілі батырлар мен ақын-жазушылар өте көп шыққан. Солардың бірі – Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлы. Даңқты қолбасшының Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі өз алдына бөлек әңгіме.
«Талаптыға нұр жауар» демекші, Бауыржан бала кезінде-ақ әскери адам болуды алдына мақсат етіп қойды. Ол әуелі Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, содан кейін Кеңес армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академиясында білім алды.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, көп өтпей жігерлілігімен көзге түсті. Әскери борышын өтеп жүріп взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болды. Соғыс басталысымен 316-шы атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанды. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі қызметін мінсіз атқарды. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарды. Оның соғыс кезіндегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен ерен ерлігі ерекше көрініп, даңқы аңызға айналды.
Бауыржан Момышұлы жазушылық қырымен де көпшілікті тәнті етті. Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше тілге аударылды. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазды. Батырдың «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты бірнеше жинағы жарық көрді.
Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат» атты пьесасы жарық көрді. Жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы үлкен сахналарда қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Қаһарман ұлға туған жерінде, Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.
Батыр есімі ауылдарға, көшелерге берілген. Мен сол батыр Баукеңнің есімін еншілеген мектепте жемісті еңбек етіп келемін. Оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, Халық қаһарманының майдан даласындағы ерліктері мен шығармаларын бойына сіңірудемін. Сонымен қатар, білім беру мекемесінің ғимаратындағы Бауыржан Момышұлы бейнеленген сурет те кез келген адамға жігер береді.
Биыл қазақ халқының қаһарман ұлы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туылғанына 110 жыл толып отыр. Осыған орай мектебімізде тағылым алар іс-шаралар легі өз деңгейінде өтуде. Қалай десек те, Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан нар тұлғамыздың қаһармандық рухы ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып қалатыны анық.

Қалыбай Дюсбаев,
Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close