Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында асарлатып салынған баспана берілді

Жалпақтөбе ауылындағы көпбалалы Әбеновтар отбасы Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алады. Ауыл тұрғындары аудан әкімдігінің қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өз ауылдастарына асарлатып тұрғын үй салып берді.

Жаңа қоныс иелерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып, құттықтады. Ол өңірде жүзеге асып жатқан игі жоба жамбылдықтарды жақсы іске жұмылдыра білгенін тілге тиек етіп, көпбалалы отбасыға бақ-береке, шаттық тіледі.
Алты бөлмелі үй бірнеше айдың ішінде бой көтерген. Сонымен қатар, үйге жиһаз және қажетті жабдықтар жеткізілген. Әбеновтар отбасы бұған дейін туыстарымен бірге ескі үйді паналап келген. Олар талай жылдан бері өз баспаналары болуын армандаған.

Біз облыс басшылығы тарапынан өңіріміздің игілігі мен гүлденуі үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Осы орайда біз де ауылдастарымыздың атсалысуымен арманымызға қол жеткіздік. Тіпті, өзіміз танымайтын адамдар да көмектесті. Барлығыңызға үлкен рахмет! Бұл Жаңа жыл өмір бойы естімізде қалатын болады, – дейді әжей Қалия Исмаилова
«Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты – ауылдастарының бірлескен күшімен көршілеріне, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға және көп балалы отбасыларға тұрғын үй салып беру. Мұқтаж адамдар жергілікті ақсақалдар кеңесінің мақұлдауымен, тұрғындардың ортақ шешімімен анықталады. 
Қуанышқа аудан әкімі Сәкен Арубаевта қатысып, баспана иелеріне ізгі тілегін жеткізген.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close