Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

ҚЫЗЫЛШАРЫҚТА БАСПАНА БЕРІЛДІ

Қызылшарық ауылына ене бергенде сол жақ қапталдан ерекше түсті, әсем баспана көзге түседі. Бұл – Т.Тоқтаров көшесі, 58 үй. Осыдан екі ай бұрын соясы сорайып, кедір-бұдыр күй кешкен он соттық алқапқа бүгін ауыл тұрғындары асарлатып 4 бөлмелі тұрғын үй салып берді.

Соғып берді дегеніміз атүсті айтылған болар, құрылысына 12 млн теңге жұмсалған қоныстың ішкі және сыртқы көрінісі «Асарлатып үй салу» жобасы аясында салынған баспаналардың алғы шебінен төбе көрсетті десек артық айтқанымыз емес. Нысан толықтай қоршауға алынып, дарбазадан үй іргесіне дейін асфальт төселген. Бөлмелерге қажетті жиһаздар орналастырылып, ауыз су және көгілдір отын жүргізілген. Көрнекі жерге үй құрылысының суреттері жапсырылыпты. Қайырлы амалға атсалысқан ауыл қариялары мен тұрғындары, жергілікті кәсіпкерлер мен қоныс иесі Бақытжан Абдуллаевтың дос-жарандары бәрі-бәрі осында. Олар осы күнді яғни, 6 баласы бар ерлі-зайыптыларға қуаныш сыйлайтын ерекше сәтті тағатсыздана күткен көрінеді. Өздері баспана бақытына кенелгендей күй кешіп жүр. Біз барған тұста, тұрғындардың бірінен сұхбат алмақшы болып: «Игі іске атсалысқандар кімдер еді?» деп сұрағанымызда, маңайда жүрген ауыл әкімі Қайрат Жатқанбаевты нұсқай берген. Расымен солай. Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алсын деп маңдай терін төске тамызып, ақсақалдармен бірге жылу жинап, шыр-пыр болып жүрген ауыл әкімінің соңынан ерген сипатты әңгімелер, жақсы сөздер «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілді салмақтай түскендей болды.
Мұнда келген аудан әкімі Сәкен Арубаев, аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков ғимаратқа тамсана қарады. Басшылар үйге ене бергені мұң екен, ауыл әжелері тәтілерін шашып, жылы шыраймен қарсы алды. Осы тұста сөз алған Сәкен Қаланұлы: – Қазақы дәстүр елімізді о бастан ауызбіршіліке, жанашырлыққа, қамқорлыққа баулып келеді. Бүгін біздер тек баспана иесінің қуанышына емес, қараша халықтың шаттығына жиналып отыр екенбіз. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы сауаптың кілтіне айналып отыр. Ауданымызда он екінші баспана мұқтаж деп танылған отбасыға беріліп отыр. Бағзы салт-дәстүрімізге қайта қан жүгірткен бастама жалғасын табатын болады. Қоныс құтты болсын, – деді аудан әкімі түрғындарға бұрылып.


Мұнан соң басшылар үйдің ішінде асыр салып ойнап жүрген балларға зер салып, бөлмелерді аралап шықты.
Біз баспана иесімен аз-кем әңгімелескен едік.
– Ойлаңыздаршы, осы жоба аясында 100-ден аса отбасы баспаналы болмақшы екен. Соның ішінде таңдау маған түскенде, бақ дегеніміз осы шығар дегенмін. Алғысымды басшыларға, ауыл тұрғындарына айтқым келеді. Ауыл әкімі Қайрат ағамыздың қайырлы іске қосқан үлесін жақсы білемін. «Қыстың қара суығына қарамастан тәмамдауымыз қажет» деген сөзі әлі есімде. Барлықтарыңызға тәңірдің нұры жаусын, – деді Бақытжан Мұхамбетжанұлы ағынан жарылып.


Осындайда еліне езіліп, жұртына жұмылып, жақсылықты жалау етіп, кетікке жамау таба білетін ауыл әкімінің іскерлігіне, тұрғындарына деген сүйіспеншілігіне және жұртшылықтың әкіміне деген ыстық ықыласына қайран қалғанбыз.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close