Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында ауыз су мәселесі шешімін табуда

Осы шығар құт-байлықтың келгені,
Жаратқанның қарайласып бергені.
Қуаныштың қабы босап бұл күні
Тұрғындардың суға толды шөлмегі.

Бұл өлең шумақтары Қызылқайнар ауылындағы жаңа су имаратының кіреберісіндегі баннерге жазылған. Жыр жолдарынан қараша халықтың қуанышы сезіліп тұрғандай әсер қалдырады. Дәл солай. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 740 млн 760 мың теңге бөлініп, 950 аулаға ауыз су жүйесі тартылды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3000 тұрғыны бар ауылды бір жыл ішінде тіршілік көзімен қамтамассыз етіп отыр.


Қалың нөпірдің қуанышына ортақтасуға келген Жамбыл ауданы әкімінің орынбасарлары Ерлан Қыдыралыұлы мен Нұрлан Несіпбеков ауданымыздағы тиянағын тапқан игіліктерді тілге тиек етіп, тұрғындарды құттықтады.
Аудан басшыларының сөзіне сүйенсек, өңірде ауыз су мәселесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 42 елдімекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ағымдағы жылы Шоқай ауылының ауыз су құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.
Қызылқайнарлықтар осы күнге дейін Кеңес тұсында тартылған ауыз суды пайдаланып келген. Тау бөктерінен келетін судың құрамы соңғы кезде өзгеріп, сапасы да төмендей бастаған.
– Туып өскен мекенін кім жаман десін. Ауылымыздағы су құбырларының тозығы жеткен еді. Оның үстіне су қорыда жыл сайын төмендеп келеді. Ал, жаңа су мұнарасы біздің көптен күткен тілеуіміз еді. Араға 70 жыл салып, ауылішілік көшеге құбырлар тартылып, әр аулаға су тетіктері орналастырылды. Осы орайда ауылдағылардың тұрмысын жақсартуға үлес қосып жүрген барша басшыларға алғысымды білдіремін, – дейді ауылдың байырғы тұрғыны Кенжетай Құрманқұлов ағынан жарылып.

Ендігі кезекті әр тұрғын көшедегі су желісіне қосылуы қажет.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close