Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Егістіктерге ағын су жеткізу – өзекті мәселе

Біздің аудан ағын суды басқа аудандар сияқты емес Қырғыз мемлекетінен алуға тәуелді. «Киров» су қоймасына жиналатын судың сыйымдылығы 550 млн. текше метр болса, былтыр 540 млн. текше метрге дейін толтырылса, биыл құрғақшылыққа байланысты ондағы су 110 млн. текше метрге кем болып тұр. Сондықтан биылғы жылы аудан аумағындағы басқа да ауылдық округтерге суды толық жеткізу мақсатында канал құрылысы жүргізіліп жатқан ауылдарға берілетін су көлемі азайып отыр.

Абай ауылдық клубында жергілікті халықпен есепті кездесу өткізген аудан әкімі мен ауылдық округ әкімнің баяндамаларынан соң осындай ақпарат тұрғындар назарына жеткізілді.

  • Соңғы жылдары ағын су жүйелері қатты тозып, ауданымыздағы егістіктерге су жеткізу үлкен мәселеге айналды. Үлкен қариялар біледі, бұрындары «Өтеміс» каналы бойында скважиналар арқылы су беріліп тұрғанын. Былтыр судың аз болғанына қарамастан сіздерге суды келтірдік. Сіздерден кейінгі Кеңес ауылы соңғы төрт – бес жылда су алмады. Мердігерлермен жүргізіліп жатқан құрылыс жөнінде су беру туралы бірнеше рет кездесу өткіздік. Ақылдаса келе суармалы кезеңде ағын су беруді тоқтата тұруды шештік. Мердігер былтырғы жылы біздің өтінішіміз бойынша жұмыстарын уақытша тоқтатты. Олардың атқаратын жұмыстарының көлемі өте үлкен болғандықтан биыл тоқтата алмайды. Сіздерден сұранар өтінішіміз ақ егісті егіп, суды көп талап ететін дақылды тоқтата тұруды өтінеміз. Өйткені, осы жылы ауылға су берілмейді, – деді «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаев.
    Ауылға келетін автожолдың орта жөндеуден өткізілгеніне ризашылығын жеткізген ауыл тұрғыны сол жолға белдеу сызықтарын жүргізу, жол бойына егілген ағаштардың оталып жатқанына наразылығын білдірді. Шаруа қожалықтарға су насостарын орнату мәселесі бойынша үкімет тарапынан 50-ден 80 пайызға дейін субсидия берілетінін айтқан аудан әкімі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына тапсырма берді.
    Екі жыл бойы жайылым жерге конкурс жарияланбау себебін білгісі келген ауыл тұрғыны Жалғастың сұрағына Нұржан Молдиярұлы: «Ең бірінші, көпшіліктің сұранысы бойынша қоғамдық пада мәселесін шешуге көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні ауданда малдың санын есептегенде, содан соң нормативке сәйкес жайылымды есептегенде бізге 50 пайыз жайылым жетіспейді. Ауданда тұрғын үйге жер беру, сосын осы жайылым өте үлкен өзекті болып отыр. Сондықтан, қоғамдық пада үшін жайылым мәселесі шешілсе, шаруа қожалықтарға жайылым жер беріледі. Екінші, жағдайы бар шаруа қожалықтар мәдениетті жайылымға көшуі тиіс. Қазақстан Республикасының «Жайылым туралы» заңында көрсетілгендей ауыл әкімі екі жылда бір рет қай жерде қандай мал жайылатыны туралы жоспар бекітеді», – деп жауап берді.
    Ауыл тұрғындары аудан және ауыл әкімдерінің есепті баяндамаларына қанағаттанғандықтан қосымша сұрақтар қоймады. Халық алдындағы есепті кездесуде ауыл тұрғындары жылдық жұмыстарға оң баға беріп, тарасты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close