Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

2020 жылы дүнген ағайындар өзге өңірлерде 5529 га ауылшаруашылық жерін игерді

Ақпан айында Қордай ауданында орын алған қақтығысқа бір жыл болды. 2020 жылдың 7 ақпанында Масаншы ауылында орын алған жаппай тәртіпсіздік кейіннен Бұлар батыр, Сортөбе және Ауқатты ауылдарына дейін жалғасып кеткені мәлім. Өкінішке орай, топтық төбелестен 11 адам ажал құшып, көптеген тұрғын жарақат алды. Коммерциялық нысандар, үйлер қиратылып, өртенді.
 
Алайда, бір жыл ішінде аталмыш елді мекендердегі зардап шеккен нысандар толығымен қалпына келтірілді. Кейбір нысандарды қалпына келтіруді мемлекет өз мойнына алса, басымы демеушілердің көмегімен жөнделді. Жергілікті тұрғындар да қарап отырмай, қаржы жинап үйлері күйрегендерге көмегін көрсетті. Әр зардап шеккен отбасы тиісті өтемақысын толығымен алды.
Бұл оқиға Қордай ауданындағы тек идеологиялық ғана емес, жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту қажеттігін көрсетті. Осы орайда, Президенттің тапсырмасымен ауданға 35 миллиардтан астам қаржы бөлініп, бір жылда қыруар тірлік атқарылды. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар, көпқабатты үйлер бой көтерді. Ең бастысы – аудандағы газы жоқ елді мекендерге газ құбыры тартылып, тұрғындардың көптен аңсаған арманы іске асты.
Ал, Масаншы ауылына келер болсақ, ауыл көшелері түгелдей дерлік асфальтталып, жаңа жарық шамдар орнатылды. Өткен жылы «Samruk-Kazyna Trust» ҰҚ демеушілігімен құны 57 млн. теңгені құрайтын стритворкаут, кіші футбол және балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар, жаңа аллея ашылып, тұрғындардың қыдыратын сүйікті орнына айналды. Сыйымдылығы 600 орындық мектептің құрылысына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1,2 млрд.тг. қаржы бөлініп, жұмыстар қарқынды жүруде.
Идеологиялық жұмыстар да атқарылды. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Масаншы, Бұлар батыр, Сортөбе және Ауқатты ауылдарына тұрғындардың проблемаларын шешуге бағытталған іс-шаралар өтті. Қақтығыстың себебін іздеп, шешім шығаруды іздеген билік «Қоғамдық келісім кеңесін» құрып, татуластыру, ұлттық құндылықтарды түсіндіру жұмысын жүргізді. Аталмыш ауылдарда қазақ тілі курстары ашылып, мешіт имамдарына уағызды қазақ тілінде жүргізу міндеті қойылды. Мектептердегі қазақ сыныптарының саны едәуір өсті.
Осының барлығы елдің игілігі үшін жасалған істер. Алайда, әр түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында дүнген этносы өкілдерінің Қордай ауданынан кетіп жатқандығы туралы ақпаратты көзіміз шалуда. Бұл ешбір талдаусыз және негізсіз тарап жатқан ақпарат қоғамда арандатушылық тудыратыны рас. Дүнген этносының қолайлы өмір сүруі үшін мемлекет ештеңені аямады. Тұрғылықты жерлерінен көшуге негізде қалдырмады. Жалпы, Масаншыда жағдай тұрақты. Жер жыртып, егін егіп, жуа терген теретін дүнген этносы қалыпты өмірлеріне қайта оралды. Халықтың көбі осы жерде ғана емес, өзге облыстарға да барып, жермен айналысады. Мәселен, аудандағы дүнген ағайындар қоныстанған елді мекендердің шаруалары көрші Шу ауданына және Алматы мен Қарағанды облыстарына барып дәнді дақылдар мен көкөніс егумен айналысуды дәстүрге айналдырған. Өткен жылы да Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарынан 719 отбасы Шу ауданы, Алматы және Қарағанды облыстарында жалпы көлемі 5529 га болатын ауыл шаруашылығы жерлерін игеріп, 260 мың тоннадан астам өнім алды.  (Шу ауданына – 467 отбасы барып 4826 га жерді игеріп, жақсы өнім алды (былтырғы жылмен салыстырғанда 147 отбасына, яғни 3432 га жер артық игерілді).  Алматы облысы – 117 отбасы, 428 га жер, Қарағанды облысы – 75 отбасы, 84 га жер игерілді).
Ал, енді көшу мәселесіне тоқталып өтсек. Жалпы, мемлекеттегі ішкі және сыртқы миграция бұл қалыпты жағдай екені белгілі. Адамдар жұмыс іздейді, әр түрлі жағдайларға байланысты қоныс аударады. Қақтығыстың ортасы болған Масаншы ауылынан былтыр бірде-бір дүнген шетелге көшкен емес. Көші-қон басқармасы ұсынған ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылы дүнгендер шоғырланған елді мекендерден 8 адам Қырғыз еліне және 1 азамат Ресейге көшсе, 2019 жылы 14 адам Қырғызстанға қоныс аударған. Мұның себебі Қырғыз еліндегі шекараға жақын, яғни Сортөбе, Ауқатты және Бұлар батыр ауылынан алыс емес жерде де дүнгендер көп шоғырланған. Өзге ел дегенімен олар алысқа кетпеді. Ал, 2020 жылы 13 адам Ресей Федерациясына, 3 адам Қырғызстанға көшіпті-міс. Мысалы, ауқаттылық Кушанло отбасы мүшелері Ресейге қоныс аударса, Булар батыр ауылының Тумаровтар отбасы Қырғызстанға көшкен. Осы деректерге сенсек, дүнгендер жаппай Масаншы ауылынан көшуде деген ақпарат шыңдықпен жанаспайтынын аңғаруға болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close