Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Байзақ ауданында «Жомарт түлек» жобасы іске асырылуда

Өңірде туған жеріне танымал, маңызды қоғамдық бастамаларды көтеріп, түрлі салаларда еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында, мектеп бітіруші түлектерге арналған «Жомарт түлек» жобасы іске асырылуда.
Соңғы 30 жылда ауданымызда 25 мыңнан астам түлектер мектеп бітірген. Ауданның мектептерінен еліміз бен әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, әйгілі педагогтар, ғалымдар, дәрігерлер, спорт, өнер және қарапайым еңбек адамдары түлеп ұшқан. Жоба аясында JAMBYL-TYLEK.KZ cайты іске қосылса, бүгінге дейін осы сайтта ауданымыздың 5 000-дай танымал түлектері тіркелді.
Жоба барысында мектепті табысты аяқтаған түлектер өз мектептері үшін өнегелі істер атқарып, кітапханаға кітаптар сыйға тартып, табысқа қалай жетуге болатыны туралы дәрістер оқып, мектепке демеушілік жасауда.
Түлектер арасында білім алған ордасы мен ауылының дамуына үлес қосқандар қатары баршылық. Атап айтқанда, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, ел мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз Диқан тірек мектебінде оқыған.
Ал, 1975 жылы Аймантөбе ауылында дүниеге келіп, Берікқара орта мектебін тәмамдаған Аян Лесбеков өзін білім нәрімен сусындатқан білім ордасына екі миллион теңгеге қаржылай көмек көрсеткен. Аян Лесбекұлы алдағы уақытта қосымша мектептің безендіру жұмыстарына қомақты қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
Байзақ ауылының тумасы Мұрат Тлеулиев 1998 жылы Сыдық Абланов атындағы орта мектебін бітірген. Атпал азамат «Мектепке тағзым» акциясы барысында 750 мың теңгеге және ауылдың көркейіп – өсуіне, мектептің қайырымдылық іс – шараларына жалпы сомасы 1 350 000 теңгеге демеушілік жасады. Туған жеріне деген шынайы қамқорлығын көрсетіп келе жатқан жаны жомарт жанның бірі – шахандық Досжан Әміров. Досжан Сарманқұлұлы екі миллион теңгеге демеушілік жасап, алдағы уақытта қосымша шағын футбол алаңының жұмыстарына қомақты қаржы бөлуді жоспарлауда. Көкөзек ауылында Төребай Ақбозов атындағы орта мектебін 1992 жылы аяқтап, бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Асылбек Жантаевтың игі ісі көпке үлгі. Өйткені, Асылбек Жасұзақұлы өз есебінен 20 миллион теңге қаражатқа 2019 жылы Көкөзек ауылына «Жантай ата» мешітін салып, «Асланбек» спорт кешенін ашқаны белгілі. Атымтай жомарттың елі үшін жасаған игі тірлігі жоғары бағаланып, сол жылы аудан әкімі «Меценат» орденімен марапаттады. Қазіргі №1 мектеп – гимназия (Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектеп) түлегі Талғат Заурбеков те өзі оқыған мектептегі оқу кабинетіне 1 миллион 500 мың теңгеге құрал – жабдықтармен қамтамасыз етті. Сонау 1985 жылы Кеңес орта мектебін (бүгінде №3 орта мектебі) бітірген кеңестік тұрғын Мұстафа Қалиев өз ауылына 800 миллион теңге қаражатқа көз сүйсіндірер, барлық жағдайы қарастырылған мешіт үйін тұрғызып, пайдалануға ұсынды. Мұстафа Әкімжанұлы орталық мешіттің қасына пансионат соғып, жақын арада қолданысқа берілуі жоспарланған.
Түймекент ауылының тұрғыны, жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты Марина Байжарикова өзі оқыған орта мектепке 1 миллион 360 мың теңгеге демеушілік жасаған. Марина Айтмұханқызы мектептің жабдықталуына қосымша демеушілік жасауды жалғастырмақ.
Мухаммед Ибрагимов болса аудан орталығындағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп – гимназияның 2004 жылғы түлегі. Мектептің асханасына жөндеу жұмыстарын, ыдыс – аяқ, су тарту, газ жүйесін жүргізу жұмыстарына демеушілік жасап, жалпы сомасы 1 миллион 500 мың теңге қаражат жұмсаса, келешекте тұрмыстық техника алып бермек.
Әрбір түлектің атамекеніне, білім алған ошағының көркеюіне үлес қосқаны азаматтық парызы деуге болады. Мектеп түлектерінің осындай игі істері жас ұрпақтың бойын жігерлендіріп, патриоттық сезімдерін оятары сөзсіз.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close