Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханият

Жамбылдық ақындар Айшабибіде бас қосты

Айтыс десе иісі қазақтың жадына Жамбыл Жабаевтың домбыра шертіп тұрған бейнесі меймандай беруі бекер емес.
1846 жылғы 28 ақпанда Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған.
Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алған.
Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жолдан өткен жыраулық мектеп бар еді. Асанқайғы, Қазтұған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жыраулар өмір сүрді. Ауыз әдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев осы жыраулық мектептің соңғы өкілі десе де болады.
«Елімнің жақсыларын таныстырған, Ой жырым, қызыл тілім, сенің арқаң», – деген Жамбыл баба қандай құрметке де лайық.

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаев 175 жасқа толып отыр. Осы айтулы датаға орай Жамбыл ауданында ауқымды шаралар жоспарланған. Мысалға күні кеше аудан орталығындағы абыздың ескерткішіне гүл қою рәсімінде сөз алған ауданның әкімі Сәкен Арубаев жыл мерейтойын жоғары дәрежеде атап өту үшін ақынның есімімен аталатын аудан қызу дайындық үстінде екенін айтып, қараша халықтың алдында жоспарлармен бөліскен еді.
Аудан басшысы Сәкен Қаланұлының айтуынша, күні кеше «Ұлы дала жыршысы» атты мәнерлеп оқудан аудандық байқау өз мәресіне жетсе, ауданымыздың мәдениет саласы қызметкерлері ақынның өміржолынан фильм-концерт түсіріп, көрермен назарына ұсынды. Бұдан бөлек Жамбыл ауылынан ақынның құрметіне Жамбыл атындағы орта мектеп бой көтеріп, алдағы күндері халық қажетіне берілетін болады екен.
Сондай-ақ жергілікті айтыскерлердің өтінішімен алдағы уақытта облыстық ақындар айтысын ұйымдастыруды жоспарланғанын басып айтты.

Ал бүгін Айшабибі ауылдық Мәдениет үйінде жергілікті ақындар жырына нар Жамбылды қосты.
Айшабибі ауылдық аула клубының жетекшісі, ауданның бас айтыскері, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Нұрлыбек Құрманов пен округтің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Асхат Абдықалықовтың ұйытқы болуымен өткен сөз барымтасына 6 ақын қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.
Ақындар жырына абызын арқау етіп, киелі мекеннің табиғатына шолу жасап тамаша айтыс ұйымдастыра білді. Айтыс сүйер қауым үшін округтің әлеуметтік желідегі парақшасы тікелей түсірілімге қосылды.
Айтыс соңында барша қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етіліп, естелік сыйлықтар үлестірілді. Бір қуантарлығы Жамбыл ауданында сөзі сүбелі, ұйқасы сұлу, шабыты асау, мәнері көктем айтыскерлер ерекшелене білді.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close