Басты бетЖаңалықтарҚоғам

КЕШЕГІ ҚАТЕЛІККЕ ҚАЙТА ҰРЫНБАЙЫҚ ДЕСЕК

Қауіпті індеттің қаупі әлі де сейілмей тұр. Індетті жұқтырғандардың қатары күннен күнге көбеюде. Сақтық шаралары, талаптар тиісті деңгейде орындалмағандықтан, тәртіпке бағынбағандықтан бұл. Сол баяғы немқұрайлылықтан арыла алмай жүрген жайымыз бар. Өзімізге сақ, жақынымызға жанашыр болу қажет-ақ.
Қазіргі таңда індеттің алдын алу, оны болдырмау басты әрі күрделі мәселе екені баршаға белгілі. Ортақ іске бәрі мүдделі болмаса болмайды. Тәртіпке бағыну, талаптарды орындау, сақтық шараларын сақтау аса маңызды. Бұл – бәріне ортақ талап. Оның орындалуы мемлекеттің, жергілікті атқарушы органдардың тікелей бақылауында. Біздің ауданда арнайы құрылған мобильді топтың көздеген мақсаты да осы.
Апта аралығында аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев жетекшілік ететін шұғыл топ ауылдық округтерге кезекті рет рейдке шықты. Жалпақтөбе ауылына барып, азық-түлік дүкендеріне бас сұқты. Жалпы жағдай талапқа сай. Дейтұрғанмен келушілердің арасында бетпердесіз жүргендер кездесіп жатты. Қорғаныш заттары да түгел емес болып шықты. Бұған көңілі толмаған Олжас Елебекұлы жауапты тұлғаларға қатаң түрде ескерту жасады.
Рейд Қызылқайнар ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындары құдды бір басқа әлемде өмір сүріп жатқандай. Маскалық тәртіп, әлеуметтік арақашықтық сақталмаған. Ауылдағы жалғыз мейрамхана жанындағы зәулім дүкенге кіргенімізде бұған анық көзіміз жетті. Іште бәрі бетпердесіз жайбарақат жүр. Сатушы да, келушілер де бізді көргенімен назар аудармады, саудасын жасап тұр. Дегенмен дүкен иесі мен кіреберістегі екі-үш адам бетпердесін қалтасынан шығарып, киіп алды. Анықталған кемшіліктер бойынша дүкен иесінің атына анықтама толтырылып, үйлестіруші орталыққа жолданатыны айтылды.
Ауылдық округтердегі рейд жергілікті ауылдық әкімшілік өз тарапынан бақылауды күшейту, әлі де болса тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін аңғартты. Тұрғындардың тәртіпке бағынып, талаптарды орындағаны жөн. Біреудің кемшілігін анықтап, айыппұл салу жергілікті атқарушы органдарға мақсат емес. Аудан халқының денсаулығын сақтау, індеттің алдын алу бойынша тиісті жұмыстарды тиімді жүргізе отырып қауіпсіз орта қалыптастыру маңызды.

Ильяс Қалыбеков, Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close