Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғамӘлеумет

Байзақ ауданында жаппай вакцина салу басталды

Қазіргі таңда, әлемді жайлаған қатерлі дертке қарсы тұрудың бірден-бір жолы «вакцина егу» болып табылады. Екпе салдыру арқылы адам өз денсаулығы мен айналасындағыларды қорғай алады.

Апта басында біздің ауданға «Спутник V» вакцинасының 1 компонентінен 500 дана әкелініп, жаппай вакцинациялау жұмыстары басталды. Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан басталған ерікті вакцинациялау бойынша бірінші кезекте екпе қауіпті дертпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне, екінші кезеңде жалпы білім беретін мектеп ұстаздарына, жалпы алғанда аудан бойынша 450 адам екпе алып үлгерген. Бұл туралы бізге аудандық орталық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Бегім Барбосынов жеткізді.

  • Өздеріңіз көріп тұрғандай аудандық емханада жаппай вакцинациялау жүргізіліп жатыр. «Спутник V» вакцинасының 1 компонентінен 350 дана келіп, алдымен медицина саласының сосын білім беру саласының қызметкерлеріне ерікті түрде салынған болатын. Енді, бүгін 500 дана «Спутник V» вакцинасының 1 компоненті жеткізіліп, екпе салынуда. Түске дейін аудан тұрғындарына 110 дана вакцина егілді. Жалпы, екпе алушылар алдымен медициналық тексерістен өтеді. Қан қысымы мен дене қызуы өлшеніп, қарсы көрсетілімдері болмаған соң, егу бөлмесіне жіберіледі. Екпе салдырған азаматтар 30 минут көлемінде арнайы бөлмеде бақылауда болады. Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңде енгізеді. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және бекітеді, адам ағзасындағы антиденелер саны артады, – дейді Бегім Нұржанұлы.

«Жаппай пандемия жағдайында екпенің аса маңызды және қажетті екенін барлығымыз да білеміз. Вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, өзіміз бен жақындарымыздың денсаулығы өз қолымызда екенін ұмытпайық дегіміз келеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close