Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Еңбекті жанына етене тұтқан ана

Бүгінгі таңда, істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Жастайынан Жер-Ананы жанына етене тұтып, саналы ғұмырын еңбекке арнаған, жеке шаруа қожалығын жүргізіп отырғандардың бірі әрі бірегейі – Бурыл ауылдық округі, Құмжота елді мекеніндегі «Байжанова» шаруа қожалығы.
Саналы ғұмырын еңбекпен өткізген Несіпкүл Байжанова апамыз бізді егістік басында жылы жүзбен қарсы алды. Егде тартқанымен ісіне мығым шаруа қожалық жетекшісі сөзге де жүйрік екен.

  • 1987 жылы «Байжанова» шаруа қожалығын аштым, – деп бастады әңгімесін Несіпкүл апа. «Бүгінде шаруа қожалық теңгеріміндегі 66 гектар алқапты игеру үстіндеміз. Оның отыз гектардай жеріне күздік бидай егіп қойдым. Енді біраз алқапқа пияз егуді қолға алып жатырмыз. Қалған 10-15 гектар жерге қант қызылшасын отырғызуды жоспарлап отырмын. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ынан «Агробизнес» бағдарламасы арқылы тамшылатып суару технологиясын сатып алу үшін 9 000 000 теңге несие алдым. Одан бөлек, жаңбырлатып суару технологиясын қолдану мақсатында 6 миллион 800 мың теңге тұратын құрылғы алуды көздеп отырмын.
    «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ынан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде көктемгі дала жұмыстары үшін бір жыл мерзімге бес пайыздық үстемемен 8 000 000 теңге несиеге қол жеткіздім. «Байзақ» несие серіктестігіндегі «Агротехника» бағдарламасымен 10 миллион 530 мың теңге тұратын «Беларус-952,2» маркалы тракторын лизингке сатып алдым. Міне, осының барлығы мемлекет тарапынан шаруа қауымға көрсетіліп жатқан үлкен көмек деуге болады. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің арқасында қазіргі күнде шаруа қожалықтың жұмыстары жандануда» – дейді қожалық жетекшісі.
  • Несіпкүл апа тағы да қосымша «Байзақ» несие серіктестігінен «Агротехника» бағдарламасы арқылы 10 миллион 530 мың теңгеге «Беларус-952,2» маркалы тракторын лизингке сатып алу үшін құжаттар жинақтауда. Сонымен қатар, жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағар май алып отыр, – деді әңгіме арасында аудан әкімі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ақжолов.
  • «Ерінбегеннің еңбегі жанады» – деп, бабаларымыз текке айтпаған ғой қарағым. Бүгін өздерің көріп тұрғандай пияз егу жұмыстарын жүргізудеміз. Денсаулығымызға қарамай, мына балаларды (немерелерін) еңбекке баулысам деп осыларды басқарып, еңбек етіп жатқан жайымыз бар, – дейді трактор тіркемесіндегі құрылғыға пияз тұқымын салып жатқан немерелеріне сүйсіне көз тастаған Несіпкүл Байжанова.
    Несіпкүл Байжанова айқын мақсаттары мен саналы жеке құндылықтары бар, жұмыс уақытын ұтымды пайдаланатын басшы ретінде ауданға танымал. Қожалыққа қатысты мәселелерді тиянақты шешіп, жауапкершілікпен қарайды. Оған қоса көшбасшылық қабілеті тағы бар. Бар өмірін бір салаға арнаған, өзінің ерекше қасиеттерімен дараланған еңбекқор ана ұжымда да, өз ортасында да, абырой-құрметке бөленген. Міне, осындай өз ісіне жан-тәнімен берілген жанның өмірі кімге де болса, үлгі-өнеге боларлықтай. Бұл оның еңбекқорлығы мен жылдар бойы жинаған тәжірибесінің жемісі.
    Биылғы жылы «Байжанова» шаруа қожалығы қант қызылшасын да өсірмек. Шығымы жақсы тәтті түбірді жинаудан жоғарғы нәтижеге қол жеткіземіз деген үмітте.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close