Басты бетЖаңалықтарРуханиятҚоғамӘлеумет

Тараз қаласының әкімі журналистермен кездесті

Жуырда Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жергілікті журналистермен кездесті, – деп хабарлайды Ақпарақ ақпарат агенттігі.

– Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері билік пен бұқара арасындағы алтын көпір екені белгілі. Сондықтан қаламгерлермен жүздесіп, еркін форматта ой бөлісуді жөн көрдім. Бүгінгі таңда қалаға қарасты округ тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып жүрмін. Олардың көтеріп жатқан мәселелерінің басым бөлігі ауыз су, жол сынды инфрақұрылымдарға қатысты болып отыр. Осыған орай биыл қала көлемінде 4 бағыттан тұратын Жол картасын әзірлеудеміз. Сондай-ақ үш жылдық жоспар түзілуде. Қала экономикасын көтеру бойынша да жарқын жобалар жандануда. Қақпасыз қала, жабайы жарнамамен күрес, атаусыз көшелерді ретке келтіру сынды мәселелер бірінші кезекте тұр. Тарихи һәм мәдени нысандардың халыққа қолжетімді болуы да басты назарда. Сондай-ақ Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына бағытталған баянды бастамаларымыз да бар. Мен үшін осы орайда халықпен етене жақын араласып, мұң-мұқтажын жеткізіп жүрген журналистердің пікірі қашанда маңызды, – деді қала басшысы.

Жиында облыстық «Aq jol» газетінің редакторы Оралхан Дәуіт сөз сөйлеп, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақты қайта жаңғырту жайын тілге тиек етті. Қала басшысы бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді. Жиын барысында журналистер Хамит Есаман, Дәулет Төленді, Ерман Әбдиев, Галина Выборнова, Бекнұр Сатыбалдиев, Шухрат Хашимов, Бақытжан Советұлы, Саятхан Сатылғанов, Анар Абдиханова сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін айтты.

– Біздің қаланың 2000 жылдық тарихы бар. Сондықтан біз сәулетшілермен бірлесіп, қаланың тарихын бақылайтын біртұтас, ерекше дизайн жасаймыз. Қаланың келбетін модернизациялау кезінде жаңа технологиялар қолданылады, – деді қала әкімі.

Жиын соңында шаһар басшысы БАҚ өкілдерін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close