Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханият

Ескерткіштер – ел тарихы

18 сәуір – Халықаралық тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күніне орай, «Туған жерім – тұнып тұрған шежірем» тақырыбында іс-шара өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылған шара, кеше, аудандық тарихи – өлкетану музейінен бастау алды.
Музей қызметкері Айнагүл Мамытбекова алдымен музейдің тарихына тоқталды. Музей бес экспозициялық залдан құралғанын атап өтіп, онда қойылған құнды жәдігерлерге шолу жасады. Бұдан соң шара қатысушылары ауданның кіреберісіне орналасқан Байзақ батыр ескерткішінің маңына жиналып, құрмет көрсетті.
Мұнда ауданымыздың тарихынан, өңірге есімі берілген Байзақ батырдың ел-жұртына сіңірген еңбегі жөнінде ақпарат берілді, даңқты батырға 1998 жылы ескерткіш орнатылғандығы айтылды. Әрмен қарай “Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары” қатарына кіретін 100 нысанның тізімі енген «Байзақ баба» кесенесіне атбасын тіреген жастар батырдың әруағына тағзым етті. Кесене айналасын абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарды көріп, тарихты танып, өткенді құрметтеуге баулитын шараның маңызын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Р. S. Бүгінгі таңда, аудан бойынша 219 тарих және мәдениет ескерткіштер есепке алынған. Оның ішінде, 60-ы тарих және мәдениет ескерткіштері жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енген. Республикалық дәрежедегі 3 археологиялық ескерткіш: (Төменгі Барысхан, Түймекент, Охуум қалашықтары). 1 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне енген маңызы бар Қостөбе қалашығы. Алдын ала есепке алу тізіміне барлығы 155 ескерткіш енгізілсе, оның ішінде, 131-і археологиялық, 24-і қалақұрылысы және сәулеттік ескерткіштер.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close