Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғамӘлеумет

Таразда Зербұлақ, Үшбұлақ жағалауларын жаңғырту жұмыстары қолға алынуда

Бүгінде қаланы көркейту бағытында бірқатар ауқымды жоба қолға алынды. Соның ішінде Зербұлақ, Үшбұлақ жағалауларын жаңғырту жұмыстарының жөні бөлек. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған аумаққа барып, жұмыстың жай-жапсарымен танысып қайтты.

Сонау Кеңес заманында қала орталығындағы Комсомол көлі тұрғындардың жиі барып демалатын орнына айналған еді. Бірақ уақыт өте қараусыз қалған көлдің айналасы тозып, көркі кете бастады. Дегенмен күн жылынғанда, сол аумақта тұрғындардың қарасы көбейеді. Бүгінде Комсомол көлін жаңарту мақсатында «South holiday» серіктестігі 1,5 миллиард теңге қаржы салып, тараздықтарға жайлы әрі түрлі үлгідегі демалыс аймағын ашуды қолға алған. Тың жоба ең әуелі тұрғындардың жайлы демалуына бағытталған соң, тек мейрамхана мен үш бассейн орналасқан нысан ғана демалушыларды ақылы түрде қабылдайтын болады. Жаңа кешен төрт аймақтан тұрады. Онда көлдің көз тартатын тамаша жағажайы, қайықтар мен катамарандарды жалға беруге арналған орын, пирспен қамтылған орталық аллея, балық аулауға арналған аймақпен қоса жақын маңнан спорт алаңшалары салынады. Бұдан бөлек, балаларға арналған ойын алаңдары және қарттардың жайлы демалуына қолайлы орындар қарастырылады. Бұл жоба 2023 жылдың екінші тоқсанында толығымен аяқталады деп күтілуде. Мердігер бірінші кезеңде көлді тазартумен айналысады. Ол үшін алдымен көлдің түбін арнайы геомембранамен қаптап, тас төсемек. Жағажайға құм төселіп, субұрқақтар орнатылады. Сондай-ақ орталық аллея абаттандырылып, түрлі ағаш көшеттері отырғызылады.

Жоспарлы жұмыстардың эскизімен танысқан аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев құрылыс жұмыстары кезінде табиғатқа залал келтірмеудің қажеттігін ескертіп, жобаның жұмыс кестесіне сай орындалуы қалалық әкімдіктің бақылауында болатынын айтты.

«Жеңіс» саябағына іргелес Үшбұлақ жағалауындағы аттракциондар паркіне қала тұрғындарынан үлкен сұраныс болмаған. Енді жаңа жоба бойынша саябақ балаларға арналған, отбасылы және экстремалды болып үш аймаққа бөлінеді. Сонымен ондағы әр аймақтың ерекшелігіне сай аттракцион жиынтығы орнатылмақ. Әсіресе, айналмалы шолу аттракционы көпшіліктің назарын аудартады. Ондағы әр кабинка кондиционерлермен қамтылады. Веложолдар салынып, америкалық тау үлгілері, әйгілі қос қабатты Лондон автобусының шағын көшірмесі, картинг алаңы, роллердромнан бөлек, басқа да жағалаудың көркін ашатын орындар ашылады.

Бердібек Сапарбаев жобамен толық танысып болған соң, жұмыстарды ертерек бастап, Халықаралық балалар күніне дейін аттракциондардың бір бөлігі іске қосылуы тиіс екендігін айтты. Сәндібек Піренов

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close