Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятСаясатҚоғам

Таразда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында соны бастамалар жүзеге асырылуда

Таразда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасын іске асыру жөніндегі кеңес отырысы өтті, – деп хабарлайды Ақпарақ ақпарат агенттігі.

Оған қала әкімі Ержан Жылқыбаев және бөлім басшылары қатысты. Жиында қала әкімі аталмыш мәселенің маңыздылығын айтып, осы бағытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

– Елбасының бастаған жобалары бүгінде өміршеңдігін көрсетіп отыр. Қалада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында соны бастамалар қолға алынып, жемісін беріп жатыр. Оның ішінде «Асарлатып үй салу» және биыл бастау алған «Жомарт түлек» жобаларын атап айтсақ болады. Ерекше жобаларды қажетінше қолдап, жергілікті бюджеттен де қаржы қарастыру керек, – деді Ержан Жұматұлы.

Жиында, сондай-ақ, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова Тараз қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы баяндама жасады.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қалалық жоспар бекітіліп, бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Соған сәйкес тұлғаны дамыту, ұлттың дамуы, халықаралық позициялау, мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың даму бағыты бойынша жалпы 105 іс-шара бекітілсе, соның 23-і жыл басынан бері ұйымдастырылған. Енді 82-сі жылдың соңына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр отбасыларға 2 үй берілсе, ағымдағы жылы демеушілердің есебінен 15 үйдің құрылысы жүргізіліп, мұқтаж жандарға берілмек. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында жаңадан қабылданған арнайы жобалар да қарқынды жүзеге асырылуда. Өткен жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысының тапсырмасымен қосымша «Дәстүр мен ғұрып», «Үнем – қоғам қуаты», «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет» арнайы жобалары енгізілді. Бөлім басшылары жоғарыда аталған ауқымды жобалар мен 2021 жылға бекітілген жоспарға сәйкес іс-шаралардың уақытында әрі сапалы орындалуын қадағалау қажет, – деді ол.

Бұдан бөлек, қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева, қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев пен дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк сөз сөйлеп, өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close