Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғамӘлеумет

Таразда бетперде тақпаған тұрғындарды анықтау мақсатында рейд жүргізілді

Таразда қоғамдық орындарда бетперде тақпаған тұрғындарды анықтау мақсатында қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың жетекшілігімен жергілікті полиция қызметкерлері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейд жүргізілді. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Коронавирустың алдын алу мақсатында өткізілген шара барысында №29 және №30 автобустарда санитарлық нормаларды сақтамаған жолаушылар аз емес екені анықталды.

– Бұл рейдтік жұмыстар тұрғындарға айыппұл салу үшін емес, індеттің таралу деңгейін төмендету үшін жүргізіледі. Біз зерделеу жұмыстары арқылы карантин талаптарын сақтау маңызды екенін және жұқпалы індеттің әлі тарап жатқанын түсіндіреміз. Байқағанымыздай, қоғамдық орындар мен автобустарда бетпердесіз жүретіндер көп. Сол үшін де мониторингтік топтың мүшелері күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қызу кірісті, – деді Алмас Садубаев.

Рейд барысында автобустарда маска тақпаған 20 адам анықталды. Олардың барлығы түсініктеме жазып қалдырды. Мобильдік топ мүшелері түсініктемелерді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдады. Анықталған жағдайлар бойынша кімге ескерту беріліп, кімге айыппұл салынатыны сол мамандардың құзырында.

Осы күні 22:00-де мобильдік топ мүшелері қала аумағындағы мейрамханаларды да тексеруге шығып, «Дубай-Мангал», «KishMish», «Самарканд» және «Park Palas» тамақтану орындарына барды. Аталған кафелердің ішінде 50 адамнан артық қонақтар қабылдағандар болды. Ендігі кезекте олардың әрқайсысына сәйкесінше ескерту жасалып немесе айыппұл салынады. Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев мобильдік топ мүшелері күнделікті рейдке шығатынын және инфекцияның алдын алу мақсатындағы жұмыстардың барлығы тұрғындардың саулығы үшін жасалып жатқанын айтты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close