Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятҚоғам

Таразда әлем елдері қызығатындай құпия жерлер көп

Таразда әлем елдері қызығатындай құпия жерлер көп. Туризмді дамыту үшін инфрақұрылым мен логистика мықты болуы керек. Бүгінде бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі іске асырылуда.

Қаланың шырайын ашатын «Көне Тараз» кешенінің аумағы көркейіп, саябақтар да жаңарып, түрленуде. Биыл да осы жұмыстардың тізбегі жалғасуда. Жабайы сауда орындарымен күрес жұмыстары да қарқынды жүріп, орынсыз дүңгіршектер сүріліп, қала көшелерінің шырайы ашылды.

Абаттандыруға аудандар да араласып, қажетінше көмектесуде. Осыған қарап, ендігі бес жылда жағдай тіпті жақсы болатынына сенім мол. Әрине, қазірдің өзінде қала тұрғындары ризашылықтарын білдіріп жатыр. Дегенмен туристерді тарту жағы ақсап тұрғаны рас. Еуропа елдеріне, соның ішінде Түркия мен Египетке неге туристер ағылады? Себебі онда қызмет көрсету сапасы жоғары. Біз де осыны мықтап қолға алсақ болады. Ол үшін, біріншіден, қонақ үйлерді озық үлгіде жасақтау керек. Барлық қызмет көрсету орындарының құны да қалтаға ауырлық салмағаны дұрыс. Осы бағытта бәсекелестік таныту үшін бренд қалыптастыру маңызды.

Ғаламторда қала туралы ел қызықтыратын деректер әзірге жоқтың қасы. Туристер қаламен таныса алмайды. Әрине, бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жүргізілмесе, шетелдіктер былай тұрсын, ел тұрғындары да келуден қалады. Ең алдымен осы мәселе реттелсе, әлем елдері бізге көз тігіп, саяхаттауға келетіндердің саны еселеп артар ма еді?

Жалпы қаланың туризм арқылы ішкі кірісті 20 пайызға дейін өсіруге мүмкіндігі бар.

Әнуарбек Әймен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті технологиялық факультетінің деканы, э.ғ.д., профессор.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close