Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Шу ауданында халық саны 35%-ға артып, жұмыссыздық 1,3%-ға төмендеді

Шу ауданында халық саны 35 пайызға артып, жұмыссыздық деңгейі 1,3 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Календеров баспасөз брифингі барысында айтты, – деп хабарлайды Ақпарақ ақпарат агенттігі.

Шу ауданы бойынша Шу қаласы мен 24 ауылдық елдімекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Сондай-ақ, Көкқайнар, Сауытбек, Ақтөбе, Төле би ауылына кіреберіс сол жақ беткейі, Шу қаласы «Қант зауыты» мөлтекауданы мен Еңбекші ауылдарын ауызсумен қамту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынуда екен. Көктөбе ауылына ауызсу құбырын жүргізуге қаржы бөлуге 760,0 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Қазіргі уақытта аудандағы 12 елдімекен толық газдандырылған. Өткен жылы газдандыру жоспарына енгізілген 18 елді мекеннің 5-еуіне магистралды газ құбыры салынған болса, биыл қалған 7 елдімекенгемагистралды газ құбыры салынатын болады.

 Бүгінгі күнге ауданда 93 білім мекемесі бар болса, мектептерде жалпы 2334 педагог жұмыс істейді. Ағымдағы жылға Төле би ауылындағы 300 орындық әл-Фараби атындағы мектеп ғимаратының құрылысына, Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин мектебіне қосымша ғимарат салуға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар, аудан әкімі тамыз айында Шу-Бурылбайтал автожолының бойында орналасқан «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілетінін жеткізді. Ал, ауданда халыққа 32 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. «Шу ауданында коронавирус індетін емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру мақсатында жалпы 70 төсек қоры жасақталған. 

Ағымдағы жылдың 5 наурызынан бастап ерікті түрде COVID-19 инфекциясына қарсы екпемен қамту жұмыстары басталды. 4 айдың қорытындысымен 3819 адам екпемен қамтылды. Шу ауданы аумағында індетке байланысты санитарлық талаптарды бақылайтын 5 мониторинг тобы құрылған. Арнайы құрылған мониторингтік топтармен 109 рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде 652 нысан тексеріліп, 70 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 10 нысанға ескерту берілді, 56 тұлғаға 3,3 миллион   теңге көлемінде айыппұл салынды», деді Нұржан Календеров.

Сонымен қатар, аудан әкімі өзге де салаларға тоқталып, олардың даму көрсеткіштері туралы баяндады. Сонымен қатар, ол әлеуметтік жұмыс орнына 53 адамға, жастар практикасына 65 жасқа және ақылы қоғамдық жұмысқа 519 адамға жолдама берілгенін де атап өтті. 

Жыл басынан 690 отбасына, яғни 3459 адамға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. «Биыл мемлекетіміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. 30 жылда ауданның әлеуметтік- экономикалық даму жолында толайым табыстарға қол жеткіздік. Әлеуметтік салада 12 мектеп, 25 балабақша, 27 медициналық нысан пайдалануға берілді. 50-ден астам әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізілді. 12 елдімекенге газ құбыры жүргізіліп, 20 елдімекен ауыз сумен қамтылды. Қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 70 пайызға жетті. Халық саны 35 пайызға артып, жұмыссыздық деңгейі 1,3 пайызға дейін төмендеді», деді Нұржан Календеров.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close