Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Таразда талантты адамдар бас қосты

Таразда талантты адамдар қаланың келбетіне көрік қосып, тұрғындардың демалатын орнына айналған Арбатта бас қосты. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әртүрлі аспаптарда ойнаған музыканттар қала тұрғындарына өз өнерлерін ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Арбаттарда музыканттар алдағы уақытта да тұрғындарға тамаша өнерлерін тарту ететін болады.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Таразда демалатын және серуендейтін жаңа орын – «Арбат» жаяу жүргіншілер аллеясы ашылған болатын. Ол жерде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай бой көтерген биіктігі 30 метрлік «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бар. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылысқа атсалысқандардың барлығына пандемияға қарамастан жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтағандары үшін алғыс білдіре отырып, сол Арбаттың ашылуында сөз сөйлеп, қала тұрғындарымен бірге 580 метрлік аллеяны аралап көрген еді. Онда әр қадам сайын түрлі-түсті қалыпта безендендірілген формалар келушілерге әдемі әсер сыйлады. Қонақтарды көше музыканттары мен ұлттық әндерді орындаушылар тамаша әуенмен қарсы алса, жергілікті қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмелері де жиналғандардың қызығушылығын оятқан.

Бүгінде бұл демалыс орны көз сүйсіндіреді. Қала тұрғындары оған жоғары бағасын беріп, ризашылықтарын жеткізуде.

– Қазір қала ертегідей өзгеріп, түрленіп келеді. Көрікті орындар көбейді. Әр кеш сайын серуендейтін кезде, қайсысын таңдарымызды білмей абдырап қаламыз. Бұл жағымды көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз. Жерлестеріміз мұндай тамаша тартуларды ықыласпен қабылдап, оны күтіп-баптап ұстауға барынша ден қойып, ұзақ жылдар бойы сақталуына үлес қосады деп сенемін, – дейді тараздық Айгүл Сыздықова.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close