Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда ақысыз донорлықты насихаттау мақсатында акция өтті

Таразда ақысыз донорлықты насихаттау, жастарды жұмылдыру, сонымен қатар өз қанын беру жолымен өзгеге үміт сыйлап жүрген азаматтарға алғыс айту мақсатында акция өтті.

30-дан астам донор қатысқан акцияға келген Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы Таңшолпан Поштабаева: «Біздің риза болатын себебіміз, адамдар ести сала өз еріктерімен сабылып келіп жатады, барлығы адамның өз ниетіне байланысты. Биыл қан тапсыруға құлшыныс білдіріп жатқандар көп», – дейді.

Ал қан тапсыруға келген еріктілер өздерінің бұл іс-әрекеттеріне риза, өз өмірі арқылы өзгенің өміріне де пайдасын тигізгенін мақтан тұтады.

Қан құю жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалады. Қанның көмегімен өмірлеріне қауіп төніп тұрған пациенттердің өмірі ұзартылады. Көптеген күрделі медициналық процедуралар және хирургиялық операциялар жүргізіледі. Оның ана мен бала денсаулығын сақтау саласында, антропогенді және апатты жағдайларда маңызды рөлі бар. Алайда көптеген елдер сапалы қауіпсіз қан қорымен қамтамасыз ету жолында қиын мәселелерге тап болады. Туындаған мәселені қан донорларының тұрақты, ерікті, ақысыз негізінде қан тапсырумен шешуге ғана болады екен. Бүгінгі күні 62 елде осындай мұқтаждар саны көп десек, оның ішінде Қазақстан Республикасы ерікті, ақысыз донорлары арқылы қанның ұлттық қорын 100% қамтамасыз етеді. Ал 40 елде бұл мәселе туыстық донорлар немесе ақылы донорлар арқылы шешіледі екен.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close