Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Шу ауданында тұрғын үй мәселесі оң шешімін табуда

Бүгінде тұрғындар үшін ең өзекті мәселенің бірі – баспана алу екені белгілі. Осы орайда, Шу ауданында тұрғын үймен қамту мәселесі оң шешімін табуда.

Қазіргі кезде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1429 азамат тіркелген. Аталған мәселені шешу бағытында Шу қаласы, «Жетісу» ықшамауданындағы  80 пәтерлік 3 үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім берілген. Аудан әкімі Нұржан Календеровтің айтуынша, аталған үйлердің құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінген жағдайда кезекте тұрған 240 азаматтың тұрғын үй мәселесі шешілетін болады.

  Сонымен қатар, жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 5720 азамат тұр екен. Шу қаласында 3986, Төле би ауылында 1464 және Алға ауылында 270 адам тіркелген. Биылғы жылдың соңына дейін кезектегі Шу қаласы, Төле би және Алға ауылдарын жалпы саны 2523 азаматқа жер телімін беру жоспарланып отыр. «Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып, халықтың ұйымдасуымен ауылдық елдімекендерде 15 үйдің құрылысы басталды. Нәтижесінде 7 үй пайдалануға берілді, қалған 8 үй осы жылы табысталатын болады», дейді аудан басшысы Нұржан Сәбитұлы.

Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2020 жылы 61 маман бюджеттік несие арқылы тұрғын үймен қамтылған. Бір маманға 4,2 миллион теңге бөлінген. 2021 жылға бағдарлама аясында 40 маманды тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close