Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Жетістіктерді дамытып, олқылықтарды түзету тапсырылды

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында жыл басынан оң динамика сақталуда: өндіріс көлемі 3% құрылыс 17,6% тұрғын үй 7,1% бөлшек сауда 6,5% көтерме сауда 14,0%-ға ұлғайды. Жұмыспен қамту органына жұмыс іздеп 4717 адам өтініш білдірсе, оның 41,8%-ы жұмыспен қамтылды.Бұдан бөлек өнеркәсіп саласында 122 млрд. 186,5 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 101,8%-ға орындалады деп күтілуде.

Асыраушы сала ауылшаруашылығында биылғы жылы 566 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ды құрайды деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 100%-ды құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 88,0 мың шаршы метрге жетеді деп күтілуде.1 қаңтар – 30 сәуір аралығында қалада 3097 нәресте дүниеге келсе, оның 31-і шетінеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 оқиғаға көп. Нәресте өлімінің өсуі жүкті әйелдердің жүктілік кезеңінде арнайы медициналық тексерулерден уақытылы өтпеуінен және инфекциялық, қан айналым жүйесінің, тыныс алу мүшелерінің сырқаттануы салдарынан орын алуда.

Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуын бақылауға алуды, орындалмау қаупі бар көрсеткіштер бойынша дер кезінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. «Шалғай Қарасу» алқабында «Асар» әдісімен салынып жатқан 15 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жандандыруды, бейберекет сауда орындарын ретке келтіруді, «қызыл сызық» және «сақалды құрылыс» мәселелері бойынша заңсыз әрі құжатсыз орналасқан сауда дүңгіршектері мәселесін шешуді жылдамдатуды тапсырды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close