Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Тараз «Жасыл қалалар» қатарына енуі мүмкін

Еуропалық қайта құру және даму банкі Тараз қаласын «Жасыл қалалар» қатарына қосуға мүдделі. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жуырда Еуразия тұрақты инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары, аға банкирі Бахтиер Файзиев қала әкімі Ержан Жылқыбаевқа Тараз қаласын «Жасыл қалалар» бағдарламасына енгізу жайлы жобасын ұсынды.

Қала әкімі мен мекеме басшылары қатысқан жиында шаһардың бағдарламаға ену үшін барлық критерийлерге сай келетіні айтылып өтті. Жоба басшылық тарапынан мақұлданған жағдайда Тараз қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару процесін ҚР Экологиялық Кодексінің талаптарына сәйкес жасалатын болады.

2021 жылдан бастап полигондардағы пластикті, қағазды және шыныны көмуге тиым салынады. Осыған сәйкес жоба қабылданған жағдайда механикалық сұрыптау кешені мен биологиялық тазарту кешені салынатын болады. Одан өзге бағдарлама шеңберінде қолданыстағы полигонды қалпына келтіру және жаңа санитарлық полигондар ашу да қарастырылған. Жоба парниктік газдар шығарындыларын, энергияны немесе ресурстарды тұтынуды 20% қысқартуға немесе ластану деңгейін төмендетуге бағытталған.

Жиын соңында Ержан Жұматұлы жобаның тиімділігін тілге тиек етіп, алдағы уақытта жан-жақты қаралып, зерделенетіндігі туралы хабарлады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close