Білім көкжиегіБасты бетЖаңалықтарҚоғам

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен Шөлдала ауылындағы №55 мектепте 11-сынып түлектерінің «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» салтанатты шарасы өтті.

Жылдағы дәстүр бойынша 13-ші мәрте соңғы қоңырауын соққалы отырған Шөлдала елді мекеніндегі бұл мектеп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынып, 2008 жылдың желтоқсан айында ашылған. Қазіргі таңда мектепте 1823 оқушы білім алуда. Осы уақытқа дейін бұл білім ордасынан 5 «Алтын белгі», 2 «Үздік аттестат» иелері мен 1 доктор, 308 магистр, 3 әлемдік деңгейдегі, 5 халықаралық дәрежедегі, 37 Қазақстан Республикасының спорт шебері түлеп ұшқан. Биыл 11-сыныпты 83 оқушы аяқтап отыр. Соның ішінде 5 «Алтын белгі», 2 «Үздік аттестат» үміткері бар. №55 орта мектептің салтанатты жиынында қала әкімі Ержан Жылқыбаев құттықтау сөз сөйледі.

– Биыл оқу жылын 76 135 оқушы аяқтады. Ағымдағы жылы 2919 оқушы түлек атанып отыр, оның ішінде 100-і «Алтын белгіге» үміткер. Бұл күн бітіруші түлектердің есінде мәңгі қалары анық. Осы оқу жылында қаламыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан, білімімен оза шапқан шәкірт тәрбиелеген мұғалімдерге алғысымды айтамын. Түлектерімізге сәттілік, ұстаздарға табыс тілеймін. Бүкіләлемдік пандемияға байланысты елімізде бір жылдан астам уақыт оқу процесі қашықтан оқыту форматында өтті. Балалар ғаламторға байланып, көп уақытын компьютер алдында өткізді. Компьютерге тәуелділіктен арылтатын, жоғарыдағы олқылықтардың орнын толтыратын ұрымтал кез – жазғы демалыс. Сондықтан да, құрметті ата-аналар, сіздер көгілдір экран, электрондық құрылғылардың басқа зиянын есептемегенде, тіпті ата-ана мен бала қарым-қатынасын бұзушы фактор екенін жақсы білесіздер. Сіздерді жазғы демалысты ғаламторсыз, гаджетсіз өткізуге шақырамын! Спортпен айналысып, салауатты өмір салтын сақтайық. Кітап оқып, рухани байлығымызды арттырайық! Себебі елдің қуаты мен келешегі сіздерсіздер, – деп тілегін айтқан қала әкімі қанатын қаққалы отырған түлектерге сәт сапар тіледі.

Одан әрі мұғалім оқушысымен бірге «Ұстазым» атты ән шырқады. Артынша мектебін қимай тұрған түлектер вальс биледі. Мерекелік шараның соңында 1-сынып оқушылары бітіруші түлектерге өлең оқып, тілек білдірді. Ал мектеппен қоштасқалы тұрған 11-сынып оқушылары өздерінен кейінгі 1- сынып оқушыларына «Аманат хатын» тапсырып, салтанатты жиын соңғы қоңырау үнімен аяқталды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close