Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда халық қалаулылары әлеуметтік нысандарды аралады

Қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев бастаған бір топ мәслихаттың депутаттары «Таразэнергоорталық» АҚ мен «Жамбыл-су» мемлекеттік кәсіпорнының нысандарын аралады. Бұл нысандар – қала үшін ең маңызды нүктелер және олар мұқият жаңартуды қажет ететіні анық.

«ЖЭО» АҚ бас қазандығында депутаттарды акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы Бақберген Мәуленов қарсы алды. Ол кәсіпорын жеке инвесторлардың бақылауына өткен екі жыл ішінде қандай өзгерістер орын алғаны туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Жылу-электр орталығының бұл бөлігі шамамен 60 жыл бұрын пайдалануға берілгендіктен, мұндағы жабдықтар мен қазандықтардың тозығы жеткен. Кәсіпорын басшысы өз жос-пары бойынша дәл осы аумақта жаңа жылу-энергетикалық орталық салуды көздейді.

– Ескірген жабдықтарды мүмкіндігінше заманауи керек-жарақтармен қамтамасыз етеміз. Бұл мәселе бойынша мамандармен байланыс орнатылған. Тек елімізде орын алған пандемия жобаның іске асуына мүмкіндік бермей тұр. Бірақ шешім қабылданды және ол орындалады, – деді Мәуленов мырза.

Мұндай жаңа кешенді құру миллиардтаған долларды қажет ететіндіктен, депутаттар жылу мен ыстық судың бағасы қаншаға өсетінін сұрағанда: «Бұл мәселеге байланысты бағаның өсуіне елеулі шектеулер енгізіледі», – деп жауап берді ол. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық тұтынатын табиғи газдың құны 27 пайызға өскен. Біз директорлар кеңесінің төрағасынан компанияның өз қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қалай қамтамасыз ететіндігі туралы сұрадық. ЖЭО-да жұмысшылардың орташа жалақысы айына 148 мың теңгені құрайтын көрінеді. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап бұл көрсеткіш 10 пайызға көтеріліпті. Рейд барысында бас қазандықтың машина залымен де таныстық.

Бұдан кейін бір топ депутат қаланың тағы бір маңызды кәсіпорны «Жамбыл-су» МКК-ні бетке алды. Мұнда бас директор Медет Беркімбаев, бас инженер Шүкірғали Ахимов және басқа да мамандар қарсы алды. Диспетчерлік бөлмеде Тараздағы су шаруашылығының ауқымы мен маңызын интерактивті картадан көруге мүмкіндік алдық. Қазіргі уақытта «Жамбыл-су» облыстағы Талас-Аса кен орнынан жерасты суларын өндіріп, тұтынушыларға 660 шақырымдық желілер арқылы таратылады. Жерасты сулары 90 су қабылдайтын ұңғымадан алынады. Оның 40-ы Тараздың өзінде, 21-і Жалпақтөбе ауылының бас қоршауында және 29-ы Оңтүстік-батыс Құмшағал станциясында. Ол жерден жыл сайын шамамен 22 миллион тонна немесе тәулігіне 60 мың текше метр су алынады. Сондай-ақ компания 294,15 шақырым кәріз желісіне жауапты.

Су шаруашылығы қызметкерлерінің проблемалары – желілердің тозуы мен стандартты шығындар. Ширек ғасыр бойы қала тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп келе жатқан құрылғылар жарты ғасырдан астам уақыт халыққа ауыз су жеткізіп отыр. Экологтардың пайымдауынша, Тараз – республикадағы ағынды суларды тазарту жүйесі жоқ жалғыз аймақ. Кездесуде депутаттар тарапынан «Жамбыл-су» су мұнарасы мен бұрынғы қала маңындағы ауданда жақында пайдалануға берілген мектептің бүкіл су шаруашылығын қашан және қалай теңгерімге алады деген сұрақ көтерілді. Шүкірғали Ахимов түсіндіргендей, бұл мектептің сорғы станциясы тек оқу орнының өзін қамтамасыз етуге арналған. Судың бір бөлігін сол жерден басқа тұтынушыларға бұру үшін сорғылардың қуаты мен құбырлардың диаметрі аздық ететін көрінеді.

Кәсіпорындағы орташа жалақыға келетін болсақ, айына 121-131 мың теңгені құрайды екен. Басқару бөлмесіндегі аз-кем әңгімеден соң, суды тереңнен көтеру жұмыстарымен танысып, су қабылдағышты аралауға мүмкіндік туды. Тіршіліктің көзі саналатын ылғалдың кез келген тамшысын қорғау қаншалықты маңызды екенін өз көзімізбен көрдік. «Жамбыл-су» бір ай ішінде сорғы станцияларымен 1500 мың киловатт-сағат электр энергиясын тұтынады екен.
Қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеевтің айтуы бойынша халық қалаулылары тұрақты комиссия мүшелерімен бірге қыркүйек айында қала тұрғындарын жылу жабдықтары, сондай-ақ ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындардың қысқа дайындығын егжей-тегжейлі пысықтайтын болады. Әзірге тыныс-тіршілігімен танысуды көздепті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close