Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда жерлердің мақсатты пайдаланылуы басты назарда

Тараз қаласындағы сақалды құрылыстар мен қараусыз қалған жер телімдерін нысаналы мақсатта пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мәселе жуырда Қоғамдық кеңесте де қаралды.

Жиында қала аумағындағы жерлерді пайдалану және қорғау жөнінде ҚР Жер кодексі нормаларының сақталуы бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі туралы комиссия төрағасы Рахманқұл Байтешов баяндама жасады.

– Мониторингтік топ зерделеу барысында бірқатар қайшылықтарды анықтады. Заңға сәйкес инфрақұрылым тартылмай, жер берілмейтіні белгілі. Тұрғын үй секторына арналған аумақтарға инфрақұрылымдық желілер жүргізу мәселесі әлі толық шешімін таппаған. Өкілетті органдар тарапынан сондай аумақтарға қашан жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, инфрақұрылым тартылатыны белгісіз. Сол себептен қаланың шеткі аудандарынан жер алып, үй салған тұрғындардың жол, ауыз су, газ және жарық жүргізуге байланысты арыз-шағымдары да азаяр емес. Одан бөлек, жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтардың ішінде өздерін былай қойғанда, немерелерінің атынан өтініш бергендер бар екен. Осы жайтты ескеріп, сараптап, кезекті реттемесе, барлығына қала аумағынан жер телімін тауып беру мүмкін болмайтыны айтпаса да белгілі. Жалпы жер телімін алу кезегіндегі 72 942 азаматтың өтінішін қанағаттандыру үшін 13 мың гектар жер қажет. Ал қала резервіндегі жердің көлемі кезекте тұрғындардың 14 пайызын ғана қамтуға жетеді, – деді Рахманқұл Байтешов.

Сондай-ақ комиссия зерделеу барысында қызыл сызықтан асқан заңсыз құрылыс нысандарын, нысаналы мақсатта жер алып, кейін оны жекеменшікке сатқан тұлғаларды және бірнеше жылдан бері қараусыз қалған нысандарды анықтаған. Соның ішінде ең өзектісі – жергілікті органның 2007 жылы К.Джумашев деген азаматқа берген жердің жекеге сатылғаны. Ең сорақысы, онда құрылыс нысандарының теміржол желісінен елді мекендерде 20 метр, ал елді мекендерден тыс аумақтарда 50 метр еніп кетпеуін қатаң сақтау туралы талаптар ескерілмеген. Мұнымен қоймай, кәсіпкер өз шекарасынан тысқары жатқан 0,24 га жерді заңсыз иемденіп, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл бойынша Қоғамдық кеңестің дабылынан кейін жіті тексеріс жүргізіліп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы 1-тармағына сәйкес хаттама толтырылып, іс сотқа жолданып отыр.

Баяндамадан кейін туындаған өзекті мәселелер бойынша қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеев жер телімдерін жекеменшікке беру тек біржақты қаралатын шаруа еместігін айтты. Бөлім басшысы өз сөзінде бөлінген жердің сызбасын дайындағанмен, бұған тікелей қала басшылығы жауап беретіндігін баса айтты.

Жиын соңында Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов бөлім басшылары мен аумақтық учаске инспекторларын күн тәртібіндегі мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close