Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіпҚоғам

Таразда 275 кәсіпкерлік нысан «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істеуде

Елімізде экономиканы цифрландыруға айрықша басымдық беріліп тұр. Осы тұста Таразда 275 кәсіпкерлік нысан «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істеуде.

Таразда «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Ең алдымен қосымшаны қолдану қаншалықты қиын? «Ashyq» цифрлық платформа идеясының мәні неде? Қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады? Бұл сұрақтарға Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев жауап берді.

– «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодын қолдану және ПТР базасымен интеграция арқылы келушінің індетке шалдығу статусын анықтауға көмектеседі. Нысанға келуші өз телефонына мобильді қосымшаны жүктеп алуы тиіс, телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ді енгізу керек. Нысанға кіреберісте кіруді тіркеу үшін нысанның QR-кодын сканерлеу керек. Келушінің қолында смартфоны болмаған жағдайда немесе қосымшаны жүктеуде қиындықтар туындаса, нысандағы жауапты қызметкерге қосымшада арнайы рөл беріледі, қызметкер келушінің ЖСН-і арқылы оның нысанға кіруін тіркей алады. «Ashyq» пилоттық жобасына қатысу үшін қатысушылар тізіміне тіркелу қажет. Ары қарай QR-кодты алу нұсқаулығын алып, қала әкімдігінің ресми сайтындағы қатысушылар тізімін күту керек. Кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану объектілерін қоспағанда, барлық жаңа қатысушылар үшін «Ashyq» жобасына қатысуға өтінімдер осы қосымшадағы 1-схемаға сәйкес InfoKazakhstan.kz сайты арқылы беріледі, – деді Нұралы Ергебаев.

Пандемия басталғаннан бері бизнестің күні ақсады. Оның салдары кәсіпкерлік қызметтің кірісіне орасан зор шығын келтіруде. Кеше ғана жарқ-жұрқ жанған думанды кеш өткен мейрамхана, бар, кафелердің тірлігі кенжелеп қалды. Басқа да демалыс орталықтары осындай күйді бастан кешіруде. Кәсіптің қай саласы болса да тұралап тұр. Осы бизнес түрлерінің толық жабылуының алдын алу және шектеулерді ішінара алып тастау үшін «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылғаны мәлім.

Расында, қауіпсіздік үшін жасалып отырған бұл шара жайлы кәсіпкерлердің пікірі қандай деген сұрақты көлденең тартып, «Гауһартас» мейрамханасының иесі Меруерт Лештаевамен тілдескен едік.

– «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты қолдану арқылы келушінің статусын, яғни ол вирус жұқтырған ба, жоқ па, соны анықтауға мүмкіндік береді. Бұл платформа COVID-19 індетінің ең айқын белгілерінің бірі дене қызуының көтерілуін анықтауға көмектеседі. Нысанға келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп алуы тиіс, телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ді енгізеді. Алайда бізде үлкен кісілер бұл процесті түсінбейді. Олар өзімен бірге құжатын алып жүруі екіталай. Ал ең сорақысы – «Ashyq» мобильді қосымшасы күнұзақ тежелісте. Қалай қоссаң да тоқтап қалады. Мен бұл жобаны шикі деп айтар едім. Егер аталмыш жоба іске қосылып, телефонда зыр жүгіріп тұрса, сөзім жоқ. Өкінішке орай, олай емес. «Ashyq» қосымшасын іске қоспас бұрын әбден саралап, дамытып алу керек сияқты. Интернетінің өзі әлсіз өңірде бұл жоба қалай толыққанды іске аспақ? – деді Меруерт Қаттабайқызы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close