Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Мемлекеттік инспектор – Жамбыл ауданында

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» атты қанатқақты жобасының жүзеге асырылуы барысын зерделеуге, жоба аясында жеңілдетілген несие алып, оның шарапатын көріп отырған шаруа қожалықтармен тілдесу үшін облысымызға арнайы келген Қазақстан Республикасы Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғабидолла Оспанқұлов бастаған алқалы топ кеше жобаға ауданымыздан лайық деп танылған Бесағаш және Түрксіб ауылдарында болды.

Алдымен мемлекеттік инспектор Бесағаштан құрылған «Іске сәт» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің егістік алқабын, және жаңа техникаларды көруден бастады.
Кооператив директоры Қыдыржан Дөненбаев алқалы топқа 100 млн 710 мың теңге техниканың 21 түрінен 22 данасы сатып алынғанын, бұл техникалар үй іргесіндегі жерлерге тиімді бағада соқа салып, қолғабыс етіп жатқанын тарқата түсіндіріп берді.
Мұнан соң Ғабидолла Абдоллаұлы жоба аясында несие алған бірнеше шаруа қожалық иелерінің үйлеріне барып, қаражатты нендей қажеттілікке жұмсағанын, кәсібінің бүгінгі жай-күйін сұрап, құжаттамаларындағы сәйкестікті егжей-тегжейлі қарады. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріндегі өзгерістерге назар аударды.
Мемлекеттік инпектордың ауданымызға сапары кезінде онымен бірге облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов, аудан әкімі Сәкен Арубаев, облыс әкімдігі ауылшаруашылғы басқармасының басшысы Қайрат Аманов, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, ауыл әкімі Бейбіт Нигматуллаев бірге жүрді.
Расымен де Бесағаш округінде ілгерілеушілік бар. Неге десеңіз, тұрғындар үй іргесіндегі, егістік алқабындағы жерлерді тиімді пайдалану арқылы несібесін ұлғайтқан. Мысалға алар болсақ, округте жоба қолға алынбай тұрып 267 атаулы әлеуметтік көмек алушылар тіркелген. Ал бүгінде кәсіп ашып, жерден ризығын айырып отырған тұрғындар енді бұл көмекке зәру емес. Өйткені, олардың айлық табысы күнкөріс деңгейінен бірнеше есе артқан. Қәзірдің өзінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатары 62 азаматқа азайған. Бұл округке берген қанатқақты жобаның ауыз толтырып айтатын жақсылығы десек артық айтқандық емес.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close