Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

ШОЛАҚ-ҚАЙЫҢДЫҒА ҚАШАН ГАЗ ТАРТЫЛАДЫ?

Жуырда редакциямызға хабарласқан Т.Рысқұлов ауданының құрметті ардагері Бейбіт Байсариев өңірдегі көгілдір отын кірмей қалған бір елді мекен жайлы жұртшылықтың базынасын жеткізді. Аталған мәселе бойынша тілшіміз Т.Рысқұлов ауданы әкімдігіне хабарласып, сұрақтың жауабын аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың өзі берді.

 – Мемлекеттік бағдарлама аясында осыдан он жыл бұрын Ақыртөбе аймағындағы төрт ауылдық округтің құрамындағы 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, тұрғындар сол кезден бері көгілдір отынның игілігін көруде. Алайда Ақыртөбе ауылынан бар-жоғы 10 шақырым қашықтықта орналасқан Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолақ-Қайыңды ауылы үшін мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс құжаттар белгісіз себептермен өз уақытысында сараптамадан өтпегендіктен, тапсырыс орындалмай қалды. 70 отбасы тұратын ауылға әкімдер әне-міне табиғи газ тартамыз деп уәде беруден жалығар емес.

Аталған мәселе жыл сайын есеп беру жиындарында көтеріліп келеді. Ауданымызға Ерболат Садырқұлов әкім болып тағайындалғанда аталған ауыл қариялары аудан басшысының қабылдауында болып, өтініштерін жеткізген. Жауап ретінде аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінен арнайы хат келіп, онда Шолақ-Қайыңды ауылына газ тарту құрылыс жұмыстары мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жағдайда, яғни 2020 жылдың басында қолға алынады деп көрсетілді. Алайда табиғи газ қосу мәселесі бүгінгі күнге дейін өз шешімін тапқан жоқ.

Қыс болса қыр астында тұр. Әрине көрші жатқан ауылдардың дерлігі көгілдір отынды тұтынып отырғанда, бір ғана ауылдың мұндай қамқорлықтан қағылуы өкінішті.

Инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандары жүйелі дамыған, тұрмыс-тіршіліктері бірқалыпты аядай шағын ауылға әлі де болса көгілдір отын жүйесі кіріп қалар деген үміттеміз.

Бейбіт БАЙСАРИЕВ,

Тұрар Рысқұлов ауданының құрметті ардагері

– Бүгінде ауданға қарасты 42 елді мекеннің 24-не толық газ желісі тартылған. Ағымдағы жылы 10 ауылға газ кіргізу жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

Тереңөзек ауылдық округіне қарасты 350 тұрғыны бар Шолақ-Қайыңды ауылын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Аталған құжат мемлекеттік сараптамаға өткізілген. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін облыстық және республикалық бюджетке өтінім жолданады. Осы жерде айта кетер бір жайт, Шолақ-Қайынды ауылына газ тартылса, аудан жүз пайыз көгілдір отынмен қамтасыз етіледі. Ал қалған 7 елді мекенде халық санының тиісті нормадан аз болуына байланысты газ тарту экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылып отыр.

 Ерболат САДЫРҚҰЛОВ,

Т.Рысқұлов ауданының әкімі.

«Арай» газеті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close