Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханият

Жамбыл облысында «Атамекен» экспедициясы жалғасын табуда

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің бастамасымен елімізде басталған «Атамекен» экспедициясының Жамбыл облысындағы екінші күнінде экспедиция мүшелері ортағасырлық «Ақыртас» кешеніне барды. Бұл тылсымға толы мекен тарихшылардың айтуынша, ортағасырлық Касрибас қонысы делінеді. Кешен Ақыртас сарайы, тұрғын жайлар, билеуші қорғаны, бекіністер, керуен сарайлар, күзет мұнаралары, хауыз-су қоймалары, саябақ, тас пен балшық өндіру сияқты бірнеше нысаннан тұрады. Экспедиция барысында облыстық туризм басқармасы «Тараз-туризм» туристік ақпараттық орталығының менеджері Наурызбай Талғатов Ақыртас кешенінің ерекшеліктері туралы айтып берді. Аталған кешеннің қабырғалары ірі қызылтасты блоктардан тұрғызылған. Кешен ұзын дәліздермен жалғасқан төрт бөліктен құралған. Ортасында бағаналармен қоршалған ашық аула бар. XIII-XIV ғасырлардағы тұрғын жайлар солтүстік сарай ғимараттарында орналасқан. Ал, билеуші қорғаны VIII-IX ғасырларға жатады. Өз сөзінде орталық маманы мұнда келуші туристердің қатары қалың екенін де айтты. Сонымен қатар, Ақыртас кешенінің шырақшысы Самат Сереев бұл нысанның құпиясы екі мыңыншы жылдарға дейін ашылмағанын, кейіннен зерттеушілер космос арқылы анықтағанын айтты.
«Атамекен» экспедициясының мүшелері бұдан кейін Т.Рысқұлов ауданында болды. Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернұр Мадияров, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов және аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Елдар Өтембаев тарихи Құлан қалашығына бастап барды. Тарихи деректер бойынша, бұл қала VI ғасырдан бастап, XIII ғасырға дейін өмір сүрген. Өз сөзінде аудандық мәдениет үйінің тарихи-мәдени ескерткіштер инспекторы Жадыра Ақшалова Құлан қаласы туралы туралы алғаш рет VII ғасырдың бірінші жартысындағы жазба деректерде кездесетінін айтты. Сондай-ақ, Ибн Хордадбек пен Құдама Құланды Тараздан батысқа қарай 14 фарсах жерде орналасқанын айтқан. Аталған қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеу ХІХ ғасырдың соңында В.Бартольдтан басталады. 1936 жылы А.Бернштамның жетекшілігімен қала аумағына алғаш рет археологиялық қазба жұмыстарын Жетісу экспедициясы жүргізген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде, алғашқы отырықшы қоныстардың біздің заманымыздың І ғасырларында пайда болғандығы анықталған. Бұдан кейінгі кезеңде де мұнда қазба жұмыстары жүргізілген. Экспедиция мүшелері бұдан кейін Сұмқайтты даласында, ортағасырлық Өрнек қалашығына барды. Ел аузында Сұңқайты аталып кеткен, алайда шын мәнінде Сұмқайтты даласы қазақ-қалмақ қырғынының куәсі. Бұйығып жатқан боз дала тарихтың тылсым тұңғиығына тартады. Әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында да осы Сұмқайтты даласы суреттеледі. Көнекөз қариялардың айтуынша, ел бұл жерді «Сұмның, жаудың беті қайтты» дегендіктен осылай атап кетіпті. Ал, Өрнек қалашығы да тереңіне талай сырды бүккен нысан ретінде белгілі. Жамбыл облысынан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген көрнекті мекеннің бірі. Мұның да тарихы көне дәуірлерге барып тіреледі.
Экспедицияның соңы облыс орталығы Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі, ерте ислам дәуіріндегі жерасты мешіті, Қали Жүніс моншасы сияқты тарихи орындармен тәмамдалды. Қарахан мен Айша бибінің мәңгілік махаббаттың символы екені елге мәлім. Ал, ерте ислам дәуіріндегі жерасты мешіті қазақ даласына ислам мәдениеті келген кезеңнің ескерткіші болса, Қали Жүніс моншасы да қазақ даласында ортағасырлық мәдениеттің қалыптасқанын көрсетеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close