Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Балық шаруашылығы қолға алынбақ

Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов Шу ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандарды аралаған болатын. Ол ең әуелі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бой көтеріп жатқан қант зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бүгінде құрылысқа жауапты «Qazsugar Co» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы біршама ширай түскен. Жобалық құны 93 миллиард теңгені құрайтын заманауи зауыт іске қосылатын болса тәулігіне 8 мың тонна, жылына 150000 тоннаға дейін қызылша өңдей алады екен. Қазіргі кезде мұнда арнайы қалашық салынып, 100 адам вахталық әдіспен жұмыс жасауда. Серіктестік мамандары жуық арада жұмысшылар санын тағы да 100 адамға арттыратындығын айтады. Оған қоса, серіктестікке тиесілі 63 гектар аумақ толығымен қоршалып, бейнекамералар орнатылғаннан кейін қант зауытына қажетті құрылғылар түгел жеткізілмек. Мұндағы мамандар қазірдің өзінде құрылысқа 460 миллион теңге қаржы жұмсалғанын айтып отыр. Ал жылдың соңына дейін 900 миллионнан аса қаражат игерілмек. Жасыратыны жоқ, өсірген өнімін көршілес Меркі ауданына тасымалдауға мәжбүр болатын еңбекші ағайын, ауданда қант зауытының ашылуын асыға күткен еді. Сәтін салса, аталған зауыт 2023 жылы толық қуатында іске қосылмақ. Әзірге, құрылыс аумағында 10-нан аса техника мен құрылысшылар тынымсыз еңбек етуде. Нұржан Молдиярұлы бұдан әрі Шу қаласында орналасқан қоқыс полигоны мен Тасөткел су бөгетіндегі көпірге барып, қос нысанға байланысты түйткілдерді көзбен көріп қайтты. Айта кету керек, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласында қоқыс тастайтын 23 полигон бар. Алайда облыс әкімінің орынбасары қала маңындағы қоқыс полигондарының санын азайту керектігін ескертті. «Бір қалаға 23 полигон тым көп. Бұның барлығы байырғы заманнан келе жатқан полигондар екені де белгілі. Жауапты мекеме басшылары қоқыс тастайтын орындарды мейлінше қысқартып, барлығын ыңғайластыруы қажет. Кейбір шағын қалаларда қоқысты сұрыптан өткізіп, соның өзін кәдеге жаратуда. Жергілікті жердегі аудан басшылары да осы мәселені қолға алуы тиіс», – деді Н.Нұржігітов.Сонымен қатар, Бірлікүстем, Жаңа жол, Белбасар сынды ауылдарды Шу қаласымен байланыстырып отырған Тасөткел су бөгетіндегі көпірдің жағдайы да мәз емес. Пайдалануға берілгеніне 80 жылдан аса уақыт болған бөгет бүгінгі күнге дейін бірнешеме мәрте жөндеуден өткен. Дәлірек айтар болсақ, соңғы рет осыдан 11 жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізіліпті. Солай бола тұра, ұзындығы 77,5 метр, ені 6,3 метр болатын көпірдің жағдайы жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Әуелгіде Тасөткел су бөгеті Шу ауданының жерлерін суландыруға және Шу өзеніне су жіберуге арналған болса, уақыт өте келе осы маңдағы егіншілікпен айналысатын жергілікті тұрғындар үшін бөгеттің көпірі күре жолға айналған. Енді, міне, көпірдің жағдайы уақыт өткен сайын күрделене түсуде. Қазіргі таңда бөгеттің үстіне салынған көпір күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Нұржан Нұржігітов аталған мәселені назарға алып, алдағы уақытта нақты зерделеу жүргізетіндігін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Балуан Шолақ ауылдық округінде орналасқан «KazAquaAlliance» ЖШС-не берілген жер учаскесінің бүгінгі жай-күйімен танысты. Айта кететін жайт, аталмыш серіктестік балық шаруашылығын қолға алуды көздеп отыр. Қазіргі кезде инвестициялық жобаны іске асыру үшін жалпы көлемі 994,0 гектар жер учаскесі уақытша пайдалану құқығымен 10 жыл мерзімге жалға беріліпті. Мемлекеттік сәйкестендіру құжаттарын рәсімделсе, серіктестік бірден іске кіріспек. Серіктестік басшыларының сөзіне сенсек, жалпы құны 516,5 миллион теңге болатын жоба жүзеге асқанда жылына 550 тонна балық еті өндірілмек. Нұржан Нұржігітов жоба сәтті жүзеге асып, мұндағы Кеңес үкіметінен қалған құрылғыларды қайта қалпына келтірер болса, облыстағы балық шаруашылығында үлкен серпіліс болатынын айтты. Сол себепті де аудан басшылығы аталған серіктестікке барынша көмек қолын созып, жер мен суға байланысты мәселелерін шешіп беруін тапсырды. Аудандағы жұмыс сапарының соңында Нұржан Молдиярұлы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ауыл әкімдері мен бөлім басшыларының қатысуымен актив жиынын өткізді. Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша Шу ауданы соңынан санағанда екінші орында тұрғанын айтып, сала мамандарының жұмысын сын тезіне алды. 8 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы да көңіл көншітпейді. «Асыраушы саладағы жұмыстардың нәтижесі барлық бағыт бойынша төмен деңгейде тұр. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жағынан да көш соңындасыздар. Мәселен, аудан орталығының іргесінде орналасқан Бірлік ауылында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірде-бір тұрғын жеңілдетілген несиеге қол жеткізбеген. Ауыл шаруашылығы саласында 60-тан астам субсидия бар. Ал ауыл әкімдері қандай субсидия барын да білмейді. Жұмысты бір жүйеге келтіруді қаласақ, бұлай болмауы тиіс. Ауыл әкімдерінің жұмысын ширату үшін нақты жұмыстарды қолға алатын боламыз» – деді Н.Молдиярұлы. Ерғали ҚАРТАЙҒАН.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close