Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Таластық қариялар киелі жерлерді аралады

Талас аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің ықпал етуімен, қала мен ауылдық округтардан жиналған 11 қария Тараз қаласының киелі орындарын аралап, үлкен әсермен оралды.

Қариялардың ұлғайған жасы ескеріліп, бұл сапарға аудандық орталық ауруханадан медицина маманы қоса жіберілді.

Таразда таластық қарияларды алдын ала дайындап қойған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқы­тушысы, доцент әрі гид Зульфия Төлегенова қарсы алып, Тараздың орталығына айналған, «Шахристан» аумағындағы Көне Тараз тарихи-мәдени орталығына апарып, саяхат басын осы жерден бастады.

– Біз кешенді аралап жүргенде өзге әлемге келгендей әсер алдық. Не деген тұнып тұрған тарих десеңізші. Жол бастаушысымыз Зульфия қызымыз да қала тарихын жатқа білетін өте білімді, биязы жан екен. Бәрін тәпіштеп, дәлме – дәл түсіндіруге тырысты, – дейді осы топты бастап барған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрал Нұрпейісов.

Орталықтағы ашық аспан астындағы музейге қойылған, осы жерден табылған ғажайып жәдігерлер де көпшілікке көп мағлұмат бергендей.

XI ғасырда салынған сәулет өнерінің қайталанбас ескерткіші Қарахан кесенесі де таластықтарды тарихымен баурап алды. Күйдірілген кірпіштен өрілген кесене маңдайшасында «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі»,-деген Құран сөздері тұр.

Дәуітбек Шамансұр кесенесі де тарихы тереңде жатқан орын. Бұл кесене монғол наменгері Ұлұқ Білге Икбалхан Дәуітбектің жерленген жерінде тұрғызылған. Бұл халық арасында Шамансұр кесенесі аталып кеткен. «Тектұрмас» этно – тарихи кешеніне бет алған қарияларды кешеннің жол үстіндегі биік қақпасы алыстан менмұндалап шақы­рып тұрды. Кесененің «Тектұрмас» атауына байланысты бірнеше деректер кездеседі.

Тарихи кешенді тамашалау Талас өзені арқылы өтетін көпірден басталады. Көпірге кіреберіс жерде екі үлкен стелла тұрғызылған: дөңгелек күн тәрізді тастың бірінші бетінде Ұлы Батыс түркі қағандарының таңбасы бейнеленсе, екінші бетінде түркі халықтарының наным – сеніміндегі Тәңір құсы – Самұрықтың бейнесі көрсетілген.Көпір аяқталар жерінің екі жағында түркі халықтарының негізгі айбарлы белгісіне айналған екі арыстанның мүсіндік бейнесі орнатылған. Кешеннің кіреберісінде айбаты аспандап тұрған «Көне Тараз» қақпасы ерекше көрінеді. – Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтардың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейлен­ген ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері жазылған.Баспалдақпен жоғары көтерілсеңіз, алдыңыздан ұлы бабамыз Әулие атаның еңселі ескерткіші шығады.

Қала ішіндегі басқа да үлкенді-кішілі тарихи орындарды тамашалаған қариялар қайтар жолда Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелеріне ат басын бұрды.

Толық бір күнін киелі жерлерді аралауға арнаған таластық қариялардың алған әсері мол, айтары көп. Мұндай игілікті шаралар алдағы күндері жалғасын табатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close