Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Жамбылда Жолдауды талқылау жұмыстары жандануда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» жолы атты Қазақстан халқына Жолдауын халық арасында кеңінен түсіндіру, талқылау жұмыстары жан-жақты ұйымдастырылуы тиіс. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерімен кездесуінде айтылды, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы Жолдау шын мәнінде қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген, елімізді жаңа биіктерге бастайтын бастамаларға толы екендігін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы, халық пен биліктің байланысын нығайту, азаматтық қоғамды дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев 11 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылғанын жеткізді.

– Топтардың құрамына зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері мен мемлекеттік органдардың басшылары кірді. Олардың Тараз қаласы мен аудандарға шығу кестесі мен жұмыс жоспары бекітілді. Сондай-ақ топтардың құрамына «Қоғамдық қабылдау» кеңсесінің мүшелері де енгізілді.

Аталған топтар Тараз қаласы мен аудандарда кездесулер өткізіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыратын болады. Сарапшылар мен қоғам белсенділері бар арнайы спикерлердің тізімі бекітілді,-деді А. Садубаев.

Облыс әкімі барлық шаралардың сапалы өтуін, топ мүшелері аудан, ауылдарды барыншы қамтып, жергілікті тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуі тиіс екендігін жеткізді.

–  Ақпараттық-насихаттық топтар Жолдаудағы басым бағыттар мен маңызды бастамаларды халыққа нақты әрі қарапайым, түсінікті тілде жеткізу керек. Ел Президентінің тапсырмалары қалай жүзеге асады, көпшіліктің көкейіндегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, суармалы суға қатысты мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айту қажет. Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктеріне, өңірдегі игі жобаларға да тоқталған дұрыс.

Парламент пен мәслихаттардың рөлін күшейту, сайлау жүйесін, партия жұмысын жаңғырту шараларына да көңіл бөлу керек. Біздің облыста 6 партия тіркелген, олардың барлығының өкілдері мәслихаттарда бар.

Бұған дейін бірқатар аудан, ауыл әкімдерінің есептік жиындарына қатысып, жергілікті тұрғындармен кездестік. Кездесулерде көтерілген мәселелердің шешілуі және өтініштердің орындалуына да назар аударыңыздар,-деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close