Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Жолдаудағы міндеттерді  орындауға әрбір азаматтың атсалысуы маңызды

Жамбыл облысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздағы №22 орта мектепте қант зауыты шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы баяндап, олардың өзекті мәселелері бойынша өтініштерін тыңдады. Кездесуге ҚР Президент әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов және облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қатысты.

– Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша облыста 11 ақпараттық-насихаттық топ құрылған. 130 мүшесі бар бұл топтарға негізінен қоғамдық ұйым өкілдері, қоғам белсенділері,  БАҚ өкілдері енді. Олар қала, аудан, ауыл тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдауда.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында көппартиялы жүйені  жетілдіру, мәжіліс пен мәслихаттардың рөлін күшейту, азаматтық қоғамды дамыту, биліктің халықпен кері байланысын нығайтуға айрықша назар аударды. Осы тұрғыда жергілікті атқарушы органдарға да жүктелетін жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Соңғы сайлауда облыстағы мәслихат депутаттары  85 пайызға жаңарды. Олардың құрамында облыста қазір филиалдары жұмыс істейтін  5 партияның да өкілдері бар. Халықтың талабына сәйкес Қоғамдық кеңестердің де құрамы айтарлықтай өзгеруде.

Біз «Қаңтар оқиғасынан» кейін өңірде «Қоғамдық  қабылдау»  тобын құрдық, оған қоғам белсенділері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және тағы басқалар енді. Олар аудан, ауылдардағы жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті әлеуметтік мәселелерді анықтап, тиімді шешілуіне жұмыс істеуде. Топ жұмысының алғашқы нәтижелері көңіл көншітеді. Әсіресе, «Қоғамдық қабылдау» тобы «Қаңтар оқиғасынан» кейін түсіндіру, ақпараттық жұмыстармен жүйелі түрде айналысуда. Бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады, – деді Б. Сапарбаев.

Өз кезегінде Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қалада атқарылып жатқан ілкімді шаруалар мен жоспарлы жобаларға қысқаша тоқталды.

Бұдан соң түрлі өзекті сауалдарын жолдаған тұрғындарға жауаптар берілді. Жиынды қорытындылыған Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған Жолдауындағы міндеттерді  орындауға әрбір азаматтың атсалысуы маңызды екенін баса айтты.

Кездесуден соң облыс әкімінің аумақтық округ тырғындарын жеке қабылдауы өтті. Онда көтерілген мәселелердің барлығы заң аясында шешілмек.

Аймақ басшысы Мемлекеттік инспектормен бірге №22 мектепті аралап, былтыр ғана пайдалануға берілген жаңа оқу ордасының жай-күйімен, жұмысымен танысты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close