Басты бетҚоғамӘлеумет

Жамбыл облысының әкімі Тараздағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының №10 аумақтық округіндегі бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралап, жағдайымен және жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Жангелдин көшесінде болып, өткен жылы жөнделген жолдың жай-күйін тексерді.

Бұдан соң Нұржан Нұржігітов М.Мәметова атындағы №27 орта мектепке барды. Іргетасының қаланғанына 80 жылдан асқан білім ордасының ғимараты бүгінде ескіріп, тозығы жеткен. 425 орынға арналған бұл мектепте қазіргі кезде 600-ден аса бала білім алуда.

Облыс әкімі мектептің кабинеттерін, спорт залын аралап көрді.

Мектеп директоры Әзиза Алтынбаева ата-аналардың өтініші ретінде жаңа мектеп салу мәселесін көтерді.

Жыл сайынғы оқушылар санының өсімін ескерген аймақ басшысы бұл мәселенің шешілетінін айтты. Білім, құрылыс басқармалары мен Тараз қаласы әкімдігіне жаңа мектеп ғимараты салынатын орынды нақтылау және құжаттарды әзірлеу бойынша тапсырмалар жүктеді.

Осы секілді №34 орта мектеп те күрделі жөндеуді қажет етеді.1969 жылы пайдалануға берілген оқу ордасында қазіргі таңда 1000-нан астам бала білім алуда.

Облыс әкімі мектеп жұмысымен танысып, асханадағы ас мәзірін тексерді. Оқушыларды сапалы білім мен тәрбие және құнарлы ыстық тамақпен қамту – басты назарда болу керектігін ескертті.

Жаңадан салынып жатқан №6 қалалық емхананың құрылысын арнайы көрген Нұржан Нұржігітов жауаптыларға жұмыстарды сапалы әрі бекітілген кестеден кешіктірмей жүргізу керектігін тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласына ауқымды қолдау білдіріліп, айрықша назар аударылып жатқанын жеткізіп, соған сәйкес халыққа мінсіз медициналық қызмет көрсетілуі керектігін баса айтты.

Келесі кезекте облыс басшысы «Тараз халвасы» ЖШС мен «Пышка» ЖК-нің кондитерлік өнімдер шығару цехына ат басын бұрды.

Өндіріс барысы, өнім түрлерімен танысқан аймақ басшысы кәсіпорын басшыларына шикізат ретінде жергілікті өнімдерді пайдалануға, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға баса назар аудару керектігін жеткізді. Өнім көлемін ұлғайта отырып, облыс аумағындағы дүкендерді барынша қамтудың маңыздылығын атап өтті. Жұмысшылардың жалақысын арттыру, әлеуметтік қолдау мәселесін де назардан тыс қалдырмауға шақырды.

А. Байтұрсынов көшесіндегі әлеуметтік дүкенде болған облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру шаралары әрдайым бақылауда болу керектігін ескертіп, жауаптыларға қадағалау шараларын үздіксіз жүргізуді жүктеді. «Айналым схемасы» бойынша жұмыстарды жүйелей түсуді тапсырды.

Сонымен қатар Н.Нұржігітов жуырда ғана «Асарлатып үй салу» жобасымен пайдалануға берілген үйлердің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар игі жоба аясында үйлі болғандары үшін облыс басшылығына ризашылығын жеткізіп, құбыры тартылғанымен, газға қосыла алмай отырғандарын айтты. Бұдан бөлек олар ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрады.

Аймақ басшысы қала әкіміне үйлерді газға қосу мәселесін бір-екі күнде түбегейлі шешуді міндеттеді. Ал жоспарға сәйкес ауыз су мәселесі екі жылда шешімін табатынын ашық айтты. Оған дейін тұрғындар таза судың тапшылығын сезінбес үшін арнайы құдық қазылып берілетін болды.

Облыс әкімі осы алқаптағы құрылысы аяқталған 600 орынды №26 мектептің аралап, жағдайымен танысты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close