Ауыл шаруашылығыБасты бетЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 60 млрд. теңге бөлінді

Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 2021 жылы барлық көздерден 36,3 млрд. теңге, оның ішінде 19,4 млрд. теңге субсидия қаралған болса, биыл бұл мақсатқа 60 млрд. теңге бөлінді. Оның 31,2 млрд. теңгесі субсидияға бағытталып, көлемі 49% артты. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Н.Нұржігітов БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде атап өтті.

Сондай-ақ, облыс басшысы ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытында 2019 жылы бастау алған пилоттық жоба жалғасатынын, тіпті бұл тәжірибені ел көлемінде тарату ісі қолға алынып жатқанын жеткізді.

«Өздеріңізге белгілі, жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылды. Бұл мақсатта жалпы 9,2 млрд. теңге несие қаражаты бағытталды», – деді облыс әкімі.

2021 жылы қайтарылған несиелер есебінен (3,1 млрд. теңге несие кері қайтарылды, Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан-әр ауданнан 1 округтен)3 ауылдық округте жоба жалғасын тапқан. 253 жоба іске асырылды (6073 мал басы, 3 жылыжай, 10 кәсіп ашылды). 28 дана ауыл шаруашылығы техникалары беріліп (1750 га егістік жер игерілді), бір отбасының қосымша табысы 82 мың теңгеге жетті.

Жалпы бұл жоба 5 бағытта іске асырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты 2 мәселе шешімін тапты:

1. Төмен 2,5%-бен несие берілді;

2. Ауылдық елді мекендердегі мүліктер (негізінен тұрғын үйлер) кепілдікке қабылданды (екінші деңгейлі банктер қабылдамайды).

Сонымен қатар,  келесі нәтижелерге қол жетті:

– қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектілері  ашылды
(966-дан 3 248 дейін);

– үй және жер құжаттары ресми түрде реттелді;

– жер және мүлік салығы жүйеленді;

– жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді (528-ден 334-ке дейін);

– 589 жаңа жұмыс орындары ашылды;

– Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65%-ға кеміді (1 615-тен 557 отбасыға);

– жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге немесе 65%-ға артты.

Пилоттық жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округтерді қамтуға қажетті қаржы көлемі 75,5 млрд. теңгені құрап отыр.

«Ұсынысымыз Үкіметтен қолдау тапты. Бізде бұл жобаны ары қарай нәтижелі жүзеге асыру үшін тиісті кадрлар да, тәжірибе де жеткілікті. Ағымдағы жылы пилоттық жоба аясындағы жеңілдіктермен қамту үшін облыстың тағы 10 ауылдық округі айқындалып отыр. Бұл бағытқа 6,4 млрд. теңге қаржы қажет. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің жоба-есептері нақтылануда. Қаржы мәселесі Үкіметпен бірлесе шешілуде», – деді Н.Нұржігітов.

Сондай-ақ, облыс басшысы жайылым тапшылығын да атап өтті. Жайылым жерлермен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі прокуратурамен бірлесіп, елді мекендердегі жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстарын жүргізгенін айта келе, нәтижесінде 683 мың га жайылым жер жетіспейтіндігі анықталғанын жасырмады.

Мәселені жүйелі түрде шешу үшін өткен жылдан бастап 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2021 жылы ауылдық округтерге 227,5 мың гектаржер берілді. 2021 жылы  ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы 227,5 мың гектары (2022 жылдың 6 айында 0,7 мың га) берілді. 2021 жылы елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан жерлер есебінен 13,6 мың гектар қайтарылды (2022 жылдың 6 айында 5,0 мың га), жұмыс жалғасуда. Орман қорындағы 1,0 млн. гектар жайылымға  242,9  мың мал басы шығарылды (2022 жылдың 6 айында 151,0  мың га берілді). Жалпы жер көлемі 486,5 мың га болатын 2071 шаруа қожалықпен меморандум жасалды. 252,3 мың га жайылым жерлердің 2021 жылы 106,3 мың га мемлекет меншігіне қайтарылса, ағымдағы жылдың 6 айында 52,6 мың га қайтарылды. Ал, биыл қосымша елді мекендердің жайылымын ұлғайту үшін 418,4 мың га жер учаскесі қосылып берілетін болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close