Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Тараз қаласының әкімі сөз бен істі үйлестірді

Қайрат Досаев Тараз қаласының әкімі болып тағайындала салысымен алғашқы жұмысын көне шаһардың көшелерін зерделеп, жергілікті тұрғындармен кездесуден бастап еді. Сол кездің өзінде жаңа басшы біраз шаруаның басы қайырылатынына сендіріп, қарамағындағы мамандарға нақты тапсырмалар да берген болатын. Сол тапсырмалардың соңы не болды екен?

Бұған дейін де талай игі істің басы-қасында жүріп, іскер азамат ретінде көзге түскен Қайрат Әскербекұлы Жамбыл облысының орталығы саналатын Тараз қаласына әкім болып келгенде жергілікті халық әлеуметтік желілер арқылы үлкен үміт артатынын білдірген еді. Әрине, халықтың сенімін ақтап, көптің көңілінен шығу оңай емес екені анық. Дегенмен, мәселе айтылған сөздің сол жерде қалып қоймай жүзеге асуында дейтін болсақ, Тараз қаласының әкімі бұл тұрғыдан алғанда жақсы жағынан көзге түсіп үлгерді деуге толық негіз бар.

Естеріңізде болса, шаһар басшысы «Талас» ықшамауданындағы үйлердің тұрғындарымен кездесіп, сол жерге жиналған кісілердің өтініші бойынша, ең алдымен, аулаға балалар ойын алаңын салуды тапсырған болатын. Сондай-ақ «Қарасу» (5) ықшамауданында да балалар ойын алаңшасын ретке келтіріп, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне пайдалануға беру қажеттігін айтқан еді. Сол тапсырма сөз жүзінде қалып қоймай іске асты. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балауса» аула клубының алдында («Қарасу» ықшамауданы, №24 үй) «STREET WORKOUT» алаңшасы, Wi-Fi зонасы, шағын кинозалы пайдалануға берілді. Аталған шараға аула клубтың жасөспірімдері, қала тұрғындары мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысқан. Сондай-ақ, осы ықшамаудандағы біз көрген көпқабатты үйлердің барлығының алдындағы балаларға арналған ойын алаңшалары жаңартылып, сырланып, жөнделіп, ретке келтірілгенінің куәсі болдық. Бұл, қала әкімінің сөз бен істі үйлестіргенін білдірсе керек.

Шынтуайтында, жаңа әкім келсе халық үлкен үміт артып, әр ісін сырттай бақылап отыратыны белгілі. Осындайда таудай уәдені үйіп-төгіп, соңында ісі сұйылып жататын басшылардан зәрезап болғандардың көңілін табу әсте оңай емес. Дей тұрғанмен, біздің байқауымызша, Қайрат Досаев іскерлігімен көзге түсіп жатқан сияқты. Әрине, бұл құптарлық әрі қуанарлық жағдай. Ендеше, алдағы уақытта Жамбыл облысының орталығын түрлендіруге сіңірер еңбегі еселі болсын деп тілейік.

«Ақпарақ» АА.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close