Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда «Жомарт жүрек» сыйлығы табыс етілді

Бүгін Тараз қалалық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жиын өтіп, меценаттардың жұмысын көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада қала әкімі Қайрат Досаев көпке көмегі тиген кәсіпкерлерге «Жомарт жүрек» сыйлығын табыс етті, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

«Бүгінде Елбасының «Туған жерге туыңды тік» ұранына қолдау білдіріп, қалада әлеуметтік-мәдени ғимараттарды, саябақтар мен мұражайларды қалпына келтіру мен құрылысын жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалада 2 саябақ қалпына келтіріліп, қайта жаңғыртылды. Бір мәдениет нысаны, 4 әмбебап спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Меценаттарымыз көпбалалы отбасыларға екі пәтер кілтін табыстаса, спорт чемпионы мүгедек бала асырап отырған отбасына автокөлік табыс етті. Биыл да мұқтаж жандарға қолұшын созып, көмек көрсететін азаматтар саны арта түседі деп сенемін», деді Қайрат Досаев өз сөзінде.

  Жиын барысында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 50 миллион теңге көлеміндегі коммуналдық төлемақы қарыздары мен өсімпұлдарына қайырымдылық көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» аталымы «Таразэнергоорталық» АҚ президенті Бақберген Мәуленовке табысталды. Сонымен қатар, «Жыл тұлғасы» аталымы «Агроспецстрой» ЖШС-нің директоры Марат Рахимбердиевке берілді. Кәсіпорын басшысы өз құрылыс компаниясымен көптеген ірі  құрылыс нысандарын салып, пайдалануға берген. Серіктестік жыл сайын қарттар үйіне, жетім және ата-анасының  қамқорлығынан айырылған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсетіп келеді. Ауған соғысының ардагері, қала тұрғыны А.Можаровтың тұрғын үйін күрделі жөндеуден өткізіп берді. «Туған жерге туыңды тік!» кең көлемді акциясы аясында мекеме жұмысшыларының баспаналы болуына өз ықпалын тигізіп, «Жеңіс» саябағының абаттандырылуына демеуші ретінде үлес қосты.

  Сондай-ақ, «Туған өлке» аталымымен «Мейірім» медициналық орталығының құрылтайшысы Гүлдара Нұрымова, «Жүректен жүрекке» аталымымен жеке кәсіпкер Меруерт Лештаева, «Жылдың үздік ұйымы» аталымымен Тараз қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев, «Ерен еріктілік» аталымымен  «Жасыл Ел» еңбек жасағының белсендісі, волонтер Мариям Кенжемұратова, «Батыл жүрек» аталымымен Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Данияр Заурбек сынды азаматтар марапатталды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close