Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғамӘлеумет

Жуалы ауданында спорт күні кең көлемде аталып өтті

Жуалы ауданында Спорт күні мерекесіне орай спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық стадионда өткен спорт мерекесіне спорт ардагерлерімен қатар барлық ауылдық округтерден командалар шақырылып, мереке қызықты өтті. Спорт мерекесіне аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Құрметті спортсүйер қауым! Баршаңызды Спорт күні кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Халқымыз ежелден-ақ денсаулықтың қадірін түсініп, оны басты байлыққа санаған. Дені сау ұлт қашанда бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі екені белгілі. Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында өңірлік резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттілігі атап өтілген болатын. Осы тұрғыда ел өңірлерінде, соның ішінде біздің ауданда да спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт ғимараттарының да саны артып келеді. Бүгінде аудан көлемінде жүйелі түрде дене шынықтыру мен спортпен айналысатын тұрғындардың жалпы үлесі 29,6 пайызды құрап отыр.

Жұлдызы биік Жуалы ауданында облыстық деңгейде ғана емес республикалық, халықаралық дәрежеде жетістіктерге қол жеткізіп, абырой биігінен көрініп жүрген спортшы азаматтарымыз баршылық. Жуалылықтар Америка Құрама Штатының Лос-Анджелес қаласында кәсіби бокстан өнер көрсеткен Сағадат Рахманқұлды, дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына жолдама ұтып алған Шапағат Дәулет пен Қазыбек Рақышевты, Дубайда ағымдағы жылдың қазан айында жасөспірімдер арасында өтетін Азия біріншілігіне қатысатын Анжелика Цойды ерекше мақтан тұтады. Келесі жылы Жапон елінің астанасы Токио қаласында өтетін Олимпиадада ел намысын қорғайтын боксшы жерлесіміз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлға үлкен үміт артып отырмыз. Спорт саласында жетістігіміз бен табыстарымыз арта берсін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.

Бұдан кейін аудан басшысы бірқатар спорт ардагерлерін, жаттықтырушыларды, ауылдық округтерде қызмет атқарып жүрген нұсқаушыларды Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен бірге, аудан спортына еңбек сіңірген ардагерлерге сый-сияпаттар табысталды.

Жалпы, Спорт күні мерекесі спорттың бірнеше түрінен өткен іс-шаралармен жалғасты. Шара барысында аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары патриоттық әндерді әуелетіп, спортшыларға күш-жігер берді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close