Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Тараздық 47 ана «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері атанды

Жуырда Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында көпбалалы аналарды «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапаттау рәсімі өтті, − деп хабарлайды «Ақпарақ».

Биыл Тараз қаласы бойынша 36 ана «Күміс алқамен», 11 ана «Алтын алқамен» марапатталды. Жалпы, бүгінгі таңда облыс орталығында 2510 «Алтын алқа», 1854 «Күміс алқа» иегерлері бар. Олардың қатары тағы да толығып отыр.

Қазақстанның демографиясына үлес қосу мақсатында ұрпақ санын арттырып жатқан көпбалалы аналарды Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қабылдап, Елбасының Жарлығына сәйкес аналарға Алтын және Күміс алқаларды табыстады.

«Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер», – деді құттықтау сөзінде қала әкімі.

Іс-шара барысында ақ жарма тілектер айтылып, көпбалалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын айтты.

Жалпы, Қазақстанда көпбалалы отбасыларына арналған жеңілдіктер әрқашан өзекті мәселелердің бірі болмақ. Біз көп бала тапқан әйелдерді мақтанышпен «Батыр Ана» деп атаймыз. Ал олардың отбасылары мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау табатынын да атап өткен жөн. Яғни, көпбалалы отбасылар өзге елдердегідей Қазақстанда да жеңілдіктер алады. Мәселен, жоғарыда атап өткендей, Қазақстанда батыр аналар екі түрлі марапатқа ие болады – «Алтын алқа» және «Күміс алқа». Алғаш рет көпбалалы аналарды марапаттау жүйесі 1993 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген. «Алтын алқа» наградасы жыл сайын жеті және одан артық баланы, ал «Күміс алқа» алты бала тәрбиелеп өсірген аналарға беріледі. Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жеңілдіктер де бар. Ол жеңілдіктерді алу үшін жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес болу керек.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close