Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғамӘлеумет

Таразда бұқаралық спортты дамыту басты назарда

Тараз қаласында бұқаралық спортты дамыту мәселесі ерекше назарда. Оған қаладағы спорт нысандары мен алаңшаларына ерекше көңіл бөлініп жатқаны дәлел бола алады. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі қала әкімі Қайрат Досаев берген мәліметтерге сүйене хабарлайды.

Жалпы, Тараз қаласының аумағында спорт алаңшаларын салу, оларды қалпына келтіру, жөндеу, жаңғырту мәселесіне қатысты жол картасы әзірленген. Сол жол картасына сәйкес қала аумағында барлығы 51 спорт алаңшаларын салу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 9 алаңша жекеменшік, 27 – бюджет және 5-еуі демеушілер есебінен салынуы межеге енген болатын.  Сондай-ақ 10 спорт алаңшасын қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 5 спорт алаңшасының құрылысы аяқталып, 6 спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта қалған спорт алаңшаларын салу жөнінде конкурс жарияланатын болады.

Айта кету керек, бұған дейін қала басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, шаһардағы барлық спорт нысандарына зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сол кезде жөндеу жұмыстарын уақыт созбай  аяқтау, барлық жұмыстардың сапалы жүзеге асуын қадағалау, сондай-ақ, мектептердегі спорт залдарын тұрғындарға барынша қолжетімді ету керектігіне айырықша көңіл бөлінген еді. Ал спорт  алаңшалары тұрғындарға қолжетімді нысандардың бірі екенін ескерсек, оған ерекше назар аударылуының сыры да белгілі. Тараз қаласындағы қолданыстағы спорт алаңшаларын бірнеше спорт түрін қамтитын әмбебап алаңшалар ретінде ыңғайластырудың маңыздылығы да назарда. Бұл бір жағынан халықтың сұранысынан да туып отыр. Сонымен қатар, спорт нысандарының материалдық-техникалық базасы, оларды күтіп ұстау мәселелері де жергілікті биліктің бақылауында.

Жалпы, бұқаралық спортты дамыту, халықтың спортпен айналысуына жағдай жасау сынды маңызды мәселе жергілікті биліктің күн тәртібінен түскен емес. Оған зерделеу жұмыстарынан бастап, салынып жатқан спорттық нысандар мен өтіп жүрген спорттық жарыстар дәлел бола алады деп ойлаймыз. Біз айтып отырған спорт алаңшалары да спортшыларға ғана емес, қарапайым халыққа арналған. Енді тек жергілікті тұрғындар спортқа ден қойып, салауатты өмір салтын ұстануға жаппай бет бұрса құба-құп. Ол үшін тараздықтарға жағдай жасалған деп сенімді түрде айта аламыз.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close