Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Ізгілікті көздеген игі бастама

Тараз қаласында көпқабатты тұрғын үйде тұратын тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларын жұмыспен қамту мақсатында көкөніс егу үшін жер телімін бөліп беру сызбасы дайындалды, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Жалпы, тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасыларға көмектесу – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бүгінде адамдардың бойындағы мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық сынды қасиеттер кеміп барады деп қанша айтқанымызбен айналамызда өзіміз куә болып жүрген көптеген қайырымдылық шаралары оның жаңсақ екенін дәлелдеуде. Тек қалталылар ғана емес, айлығы шайлығына әрең жетіп жүрген жандардың арасында да атпал азаматтардың бар екені көңілге медеу. Ал енді мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен беріліп жатқан жеңілдіктердің жайы бір бөлек. Ал оның бір мысалы, жоғарыда айтқанымыздай, Тараздағы жергілікті әкімдіктің жаңа сызба әзірлеп, тұрмысы төмен отбасыларға жер бөліп беруге ниетті болып отырғаны.

Тараз қаласы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу жұмыстарына аса мән берілуде. Бұл бағытта Тараз қаласындағы «Арай» шағын ауданында 50 га жер телімі бөлініп, көпқабатты тұрғын үйде тұратын тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларын жұмыспен қамту мақсатында 833 тұрғынға күнделікті өзін-өзі өсімдік өнімдерімен қамтамасыз ету және артылған өнімді нарыққа ұсыну, яғни сату үшін көкөніс егуге 0,06 га жерден бөліп беру сызбасы дайындалған. Аталмыш 50 га жерге қызанақ, қияр, картоп, пияз егу жоспарлануда. Бұл көкөніс түрлерінің шығыны бірдей, яғни тұқым және минералды тыңайтқыштар бағасы бір шамада. Атап айтқанда: 0,06 га жерді дайындауға 3000 тг, тұқым сатып алуға 7500 тг және минералды тыңайтқыштарға 4200 тг және басқа да шығындарға (су, электр жүйесі, т.б.) 9000 тг көлемінде қаржы жұмсалады. Жылына әр тұрғын өзіне тиесілі 0,06 га жерден 1,5 тонна қияр, 1,86  тонна қызанақ, 3,6 тонна пияз, 2,7 тонна көлемінде картоп өнімін алуына болады. Ауыл шаруашылық өнімдерін сақтау үшін 144 шаршы метр ғимарат және шатырларды салу мақсатында жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр екен. Ендеше, осындай игі бастамаға бәрекелдіден басқа қосарымыз жоқ. Тек басталған іс сәтті аяқталса игі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close