Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Дүниеге үшем әкелген ананы қала әкімі құттықтады

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жуырда дүниеге үшем әкелген Қожагелдиева Эльвираның отбасына арнайы барып, көпбалалы ананы құттықтап қайтты, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Қала әкімі Қайрат Әскербекұлы гүл шоқтарын ұсынып, кір жуатын машина мен балаларға арналған қоларба сыйлады.

Батырлардың бауы берік болсын! Үшемді дүниеге алып келіп, қазақтың демографиясын көбейтіп отырған отбасына берекелі ғұмыр тілеймін. Үш батыр елі үшін туған ер болып өссін, – деген қала басшысы ізгі тілегін жеткізді.

Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын босанған 34 жастағы Эльвира Рысбекқызы перзентханаға үш баланың анасы болып барып, алты баланың анасы болып шыққан болатын. Ислам, Марғұлан, Аслан есімді сәбилер жоспарланған мерзімнен ерте жарық көргендіктен бірнеше күн қарқынды терапия бөлімшесінде жатты. 

 Алғашқыда қорыққаным рас. Бірақ кейін өз-өзіме келдім. Дәрігерлердің көмегімен балаларымды аман-сау дүниеге әкелдім. Бір жетінің ішінде аяққа тұрып, қазір денсаулығымыз жақсы, – дейді үшемнің анасы. – Өзімнің бұрыннан 1 балам, 2 қызым бар еді. Енді сол төртінші баланы дүниеге әкелсек деп ойлап жүріп, үш батырды бір күнде дүниеге алып келіп, төбеміз көкке жетіп жатыр. Бала бар үйде бақыт бар. Алланың біздің үйге берген үлкен сыйына алғысым шексіз. Әрбір шаңырақ осындай қуанышты сәттерге, сәбидің сыңғыр күлкісіне бөленсін, – деді ол.

Жуырда Эльвира облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауында болып, көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын, қазіргі таңда пәтер жалдап тұрып жатқанын айтқан болатын. Бүгінде баспана мәселесі кім кімді де толғандыратыны жасырын емес. Ал көпбалалы отбасылар үшін тіпті маңызды екені айтпаса да белгілі. Сол себепті де, жергілікті билік көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға арнап жатақхана құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл көптеген жанға біршама көмек болары сөзсіз. Бұл отбасына да қала әкімі Қайрат Досаев пәтер мәселесі жыл соңына дейін шешімін табатынын жеткізгенде олардың қуанышында шек болмады. Әрине, пәтер жалдап тұрудың машақаты белгілі ғой. Ендеше, біз де өз тарапымыздан бұл жаңалық көпбалалы отбасы үшін игіліктің бастамасы ғана болсын деп тілейміз. (Фото: Кирилл БЕРДЕЦКИЙ).

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close