Басты бетЖаңалықтарСаясат

Жамбыл облысында ҚР Президентінің Жолдауын түсіндіру бойынша жиын өтті

Жамбыл облысында Қазақстан Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру бойынша облыстық актив жиыны өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Жиында Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды.

Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған әлеуметтік саладағы отбасы институтын қолдау мен инклюзивті қоғам құру, білім беру, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапалы болуын қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік қолдау жүйесінің дамуы, отандық зейнетақы жүйесін дамыту сынды өзекті мәселелерді шешу көзделген.Бұл бағытта өңірде де нақты жоспар түзіліп, жүйелі жұмыстар атқарылмақ.

Облыс әкімінің орынбасарлары, маслихат депутаттары, аудан әкімдері, облыс әкімдігінің басқарма, аумақтық департаменттер, құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындарының басшылары, саяси партиялар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен облыстық ақпараттық топ мүшелері қатысқан актив жиынында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды.

Жолдауды облыста іске асыру бойынша облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова баяндама жасады.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Н.Еркебаев, «Жастар зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы, саясаттанушы П.Мамедова, «Нұр перизат» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Байтасов өз салалары бойынша Жолдаудың бағыттарына сәйкес тапсырмалардың жүзеге асырылуы туралы қабылданатын шаралар мен атқарылатын жұмыс жоспарларымен таныстырды.

Бүгінгі таңда аймақта Жолдауды түсіндіру бойынша құрамында 102 мүшесі бар 11 облыстық ақпараттық топ құрамы жасақталды. Аталған топ мүшелері 6 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін облыстың 50-ден астам елді мекендеріне шығып, мекемелерде, еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, кәсіпорындар мен мәдениет үйлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close