Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда аула клубтары көбеюде

Бүгінгі таңда баланың қызығушылығын арттыруға бағытталған және барлық қырынан алғанда дамуына өз септігін тигізетін аула клубтарының маңызы ерекше зор. Негізінен аула клубының мақсаты – оқушылардың мектептен тыс өмірін тиімді пайдаланып, өздері оқып жүрген пәндерін тереңдетіп оқыту, жалпы баланы жан-жақты  дамытып, бейімін жетілдіру болып табылады.

Таразда Жастар ресурстық орталығына қарасты 4 аула клубы тұрақты жұмыс атқаруда. Олар «Арай», «Ботақан», «Балауса, «Жас балғын» аула клубтары. Аталған аула клубтарында жастар ісі жөніндегі 4 инспектор бар. Олар 206 тәрбиеленушімен бірге түрлі бағыттағы 8 үйірме бойынша жұмыс жасауда. Үйірмелерде балалар «Қолөнер», «Шебер қолдар», «Сурет», «Ұлттық ойындар», «Қуыршақ театры», «Тіл дамыту», «Салауатты өмір салты» бойынша дайындалады.

Тараз қаласы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы №1 аумақтық округке қарасты «Астана» ықшамауданы №30 «А» үйде орналасқан  «Азимут» аула клубының жертөлесіндегі құбырлардың жарылуына байланысты уақытша жұмысын тоқтатқан екен. 2019 жылы аталған аула клубқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін  9 млн. 986 мың теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.  2019 жылдың соңына дейін аталған аула клуб пайдалануға берілетін болады.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Тараз қаласында №9 аумақтық округке қарасты «Бәйтерек» ықшам ауданы №8 үйде, «Құмшағал» тұрғын алқабы Байтұрсынов көшесі №1 үйде бос тұрған ғимараттарда балаларға арналған аула клубтары ашылатын болады. Аталған аула клубтарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 6 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 маусым күні Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балауса» аула клубында аталған аула клубқа келуші  балалардың ұсынысы бойынша «STREET WORKOUT» алаңшасын, Wi-Fi зонасын, шағын кинозалын, теннис столын, қалқан күрке (беседка), компьютерлер пайдалануға берілген.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close