Басты бетРуханиятСаясат

Ел болашағы – білімді ұрпақ

Білім күнімен тұспа-тұс жарияланған Жолдауында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын басып айтты да, осы мақсатты жүзеге асыру үшін халықты бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Алдағы уақытта әлемге мәшһүр болған ұлы тұлға иелерінің, оның ішінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтуде ысырапшылдыққа жол бермей, еңбектерін жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында халық арасында дәріптеу керектігін басты назарға алды.

Ел болашағы – білімді ұрпақ. Білім тоқтаусыз, толассыз үрдіс. Білім арқылы адамның интеллектуалдық, рухани күші артып, тұлғалығы қалыптасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс».  Сондай-ақ, «аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын», — деді.

Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі – оқулық сапасының төмендігін айта отырып, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің міндеті екенін атап өтті.

Алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды, яғни бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға артатынын мәлімдеді. Осының бәрі мемлекет басшысының ұстаздар қауымына деген құрметі мен қамқорлығы деп білеміз.

Айқындалған мақсаттарды орындаушы – біздің болашақ жастар болса, жастарды тәрбиелеу – ұстаздар қауымына ортақ іс. Ал бұл дегеніміз, саналы, білімді ұрпақ тәрбиесі үшін жауапты ұстаздарға міндеттелген тапсырма. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан игі шараларға қолдау көрсету – ұстаздық парызымыз.

Ләззат ҚЗЫЛҒҰЛОВА, Тараз қалалық мәслихатының депутаты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close