Басты бетЖаңалықтарХабарландыруҚоғамӘлеумет

«Мектепке жол» акциясы жалғасуда

Таразда 1 шілде мен 30 қыркүйек аралығында «Жүректен жүрекке!» ұранымен «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтуде, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Акцияны өткізуге байланысты Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі жанынан жұмысшы топ құрылып, іс-шаралар жоспары әзірленген. Аталмыш топ мүшелері барлық қала тұрғындарын акцияға белсенді атсалысуға шақырады.

Акция жұмысы әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету және барлық мектеп жасындағы балаларды міндетті орта біліммен қамтамасыз етуге бағытталады. Ал акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына оқу жылы басталуына дайындалуға көмектесу және балалардың әлеуметтік себептерге байланысты мектепке келмей қалуынан сақтандыру.
Аталмыш акция аясында бүгінге дейін көптеген іс-шаралар өткізілді. Солардың бірі – тамыз айының соңында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде өткен іс-шара. Мұнда «Мектепке жол» акциясы аясында 500 балаға 500 мектеп сөмкесі берілді. Игі шараға ҚМДБ Халықаралық қатынас және хаттама бөлімінің басшысы Ершат Оңғаров, ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, осы мешіттің бас имамы Қанат Жұмағұл, мешіт қызметкерлері мен ата-аналар қатысқан болатын. Шара барысында ҚМДБ Халықаралық қатынас және хаттама бөлімінің басшысы Ершат Оңғаров бұл акцияның жыл сайын республика көлемінде өтіп келе жатқанын айтып, биылғы жылдың өзінде ел аумағында 18 мың тегін сөмке тарату жоспарланғанын жеткізген болатын. «Ал, бұл қайырымдылық шарасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйытқы болып отыр. Басты мақсат мешіт ішінде тегін сөмке бере отырып, ата-ана мен бала бойындағы имандылықты ояту», – деген ол өз сөзінде.

Жалпы, былтыр облыс бойынша акция аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 32106 балаға 324 млн.752 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілген. Оның ішінде 14388 балаға жергілікті бюджет есебінен материалдық көмек көрсетілсе, 17718-іне демеушілер қолдау танытқан.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close