Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғам

Ұлт болашағы – дені сау ұрпақ

Жуырда Жамбыл облысы Жуалы ауданында Жастар орталығының Бауыржан Момышұлы ауылындағы жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Эльмира Сүйінбаеваның ұйымдастыруымен «Street workout» турнирі өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Іс-шараны ашып берген аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов жиынның маңызы зор, ауқымы кең екенін айта келе, оның себебін жастардың қоғамның қозғаушы күші екенімен байланыстырды. «Еліміздің ертеңі, жарқын болашағы жастардың қолында екені баршамызға берлгілі. Осы жас буын өкілдеріне мемлекет тарапынан барынша, яғни, білім алуға, денешынықтырумен шұғылдануға, кәсіппен айналысуға тағы да басқа жағдайлар жасалуда. Соның бірі де бірегейі бұқаралық спорт түрін дамыту үшін «Street workout» алаңшалары ашылуда. Бүгінгі іс-шарамыз да дәл осы алаңшада өтетін болады. Ендеше, бүгінгі жарыс кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын турнир болатынына сенемін», – деген М.Телеушов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Турнирдің мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер арасында көше спортының дәрежесін көтеру, бұқаралық спорттың одан әрі дамуына, өркендеуіне жағдай жасау.

Спорттық додаға әр ауылдық округтен белсенділік танытқан 14 пен 29 жас аралығындағы 47 адам қатысты. Жарысқа спорттық киімде және шараға қатысуға мүмкіндігі бар екенін дәлелдейтін дәрігердің анықтамасы арқылы жіберілген қатысушылар өзара белтемірге тартылу, қоссырықта (брусья) көтерілу, жерден көтерілу (отжимание) бойынша сайысқа түсті.

Жарыстың қорытындысы бойынша №30 Көктөбе орта мектебінің спортшысы Ш.Мақашев І орын иеленсе, №29 орта мектебінің оқушысы Е.Қыпшақбай ІІ орынға, ал №1 мектеп-гимназиясынан келген В.Вехов ІІІ орынға тұрақтады. Сонымен қатар, М.Ломоносов атындағы №5 орта мектебінің оқушылары А.Дүйін – «Үздік спортшы», Н.Назарова – «Ең жас спортшы» және турнирге төрелік еткен А.Қалып пен Д.Рақымжан «Үздік төреші» номинацияларымен марапатталды. Жарысты Мейіржан Телеушов қорытындылап, үздіктер қатарынан көрінгендерге дипломдары мен естелік сыйлықтарын тапсырды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close