Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда жарықтандыру жүйесі жаңаланады

Жуырда Таразда электр желілерін түгендеу мақсатында тексеру жүргізілді, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі қала әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.

Жазбада Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевтың тапсырмасына сәйкес мөлтекаудандардағы ішкі кварталдық электр желілеріне түгендеу жүргізілгені жайында жазылған. «Түгендеу нәтижесінде (2,3,4,6,7,9,10, Телеорталық, Сүлейменов көшесі 16,18) барлығы 12 ішкі кварталдық электр желілеріндегі сыртқы жарықтандыру шамдары жанбай тұрғаны анықталды. Түнде 3,4,6,7,9 мөлтекаудандарындағы 41 ауланы аралау барысында 39 аулада түнгі жарық жанбай тұрғаны анықталды. Атап айтсақ, «Жайлау» мөлтекауданы 4,15 үйлердің ауласындағы жарық іске қосылмаған. Іске қосылмай тұрған сыртқы жарықтандыру шамдарындағы ақауларды тез арада қалпына келтіріп, жарықпен қамтамасыз ету туралы ТҚЭЖ мамандарына жедел тапсырма берілді», – делінген жазбада.

Жалпы, Тараз қаласының сыртқы жарықтандыру желілеріне мердігер ретінде «Тараз-Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық қызмет көрсетуде. Өткен жылы «Қазақстан электро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі С.Сейфуллин, Қ.Тұрысов, Т.Рысқұлов, Шостакович көшелерінің сыртқы жарықтандыру желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген болатын. Жоба бойынша 4 көшеде 261 темірбетонды бағана, 15,3 шақырым СИП сымдары алынып, 191 монолитті темір бағана, 191 жарықдиодты шам, 7 жарықты басқару шкафы орнатылып, 15,7 шақырым жерасты кабель желілері жүргізілген.

Облыс әкімі А.Мырзахметовтің тапсырмасы бойынша 2018 жылы Тараз қаласының 2 даңғылы мен  31 көшесінің сыртқы жарықтандыру желілерін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жалпы 33 жобаның төртеуі (Т.Рысқұлов, Қ.Тұрысов, Сейфуллин, Шостакович көшелері)іске асырылып, қалған  29 жобаның құжаттары дайындалған екен. Жоба бойынша жалпы 2989 дана темірбетонды, ағаш бағананы бөлшектеу, 2455 дана темір қырлы бағана, 2591 дана жарықдиодты шам орнату және 291,3 шақырым жерасты кабель желілерін жүргізу жоспарланған.

Сондай­-ақ, «Smart City» бағдарламасы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастамасымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Тараз қаласы көшелерінің барлық сыртқы жарықтандыру желілерін жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде мердігер «Altacom Asia» ЖШС болып айқындалып, қазіргі таңда аталған жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close