Басты бетЖаңалықтарӘлеумет

Жамбылдықтарға 2,5 пайызбен несие беріледі

Жамбылдықтарға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты,- деп хабарлайды «Ақпарақ»  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жамбыл облысы әкімдігі әзірлеген ілкі жобаны қолдаймыз. Себебі, статистика бойынша, өңірде жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табыс 66 мың теңге көлемінде. Бұл республикалық орташа көрсеткіштің 68 пайызына ғана жетеді. Ал, облыстағы жұмыс күшін саралайтын болсақ 506 мың жұмыспен қамтылғандардың 35 пайызы немесе 177 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі», – деді министр Жамбыл облысы халқының табысын арттыруға бағытталған ілкі жобаны талқылау барысында.

Оның айтуынша, облыс әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, зерделенген 368 мың ауыл тұрғынының тек 54 пайызы немесе 177 мың адам тұрақты табысқа ие. Соның салдарынан республика бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың 9,6 пайызы Жамбыл облысының тұрғындары болып келеді және бұл облыс халқының 17,7 пайызын құрайды.

«Оның ішінде 31 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмекті тұрақты түрде алуда. Аталған отбасыларда 43 мыңнан астам адам еңбекке қабілетті жаста», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министр атап өткендей, ілкі жоба «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылмақ. Осыған орай, аталған бағдарламаға өзгерістер енгізіледі.

«Ілкі жоба аясында микрокредиттер бюджеттік бағдарлама әкімшісі айқындайтын сенім білдірген өкіл арқылы беріледі. Пилоттық жоба аясында бюджеттік несие жергілікті атқарушы органдарға 10 жылға берілетін болады және қарапайым халыққа несие 2,5% аспайтын жылдық мөлшерлемемен берілетіндігі көзделген. Министрлік Үкіметтің тиісті қаулы жобасын әзірлеп, 11 қыркүйекте мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге жолдады. Қаулы жобасы жергілікті әкімдіктермен келісілді. Ал Қаржы, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Әділет, Білім және ғылым министрліктерімен келісу сатысында», – деді ол.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close